26 шіл, 2016 сағат 17:13

Жер мәселесіне жітірек көз жіберу керек

Осы күнгі тарихшылар Исатай Тайманұлы көтерілісі туралы көп айта бермейді. Шын мәнінде, сол ХІХ ғасырдың 30-жылдарын­дағы Жәңгір ханға қарсы қанды көтеріліс жер мәселесінен келіп туындаған. Орыс тарихында қазақ шындығын айтып кеткен айтулы адамдар болған. Соның бірі – Орынбордың генерал-губернаторы В.А.Перовский. Ол 1852 жыл­дың 23 желтоқсанында Ресей үкіметінің Мемлекеттік мүлік министрі Киселевке хат жазыпты:

«Бізге келіп түскен арыз-ша­ғымдарға сыдырта көз салғанның өзінде ханның (Жәңгір ханды айтып отыр – Ғ.Ө.)төрелігінен әділдік көре алмайсыз. Ханның өктемшілдігі мен оның қасындағы­лардың жемқорлығы мен сотқар­лығы халықтың наразылығын тудырып, қарулы көтеріліске алып келді...».

Енді бұл хатты әрі қарай қаз-қалпында оқиық: «В 1806 году земли были пожалованы всем киргизцам, как необходимое условие их существования сообразно количеству скота. Так было при Букее, Шигае и первые годы Жан­гира. Входя во власть, Жангир счёл себе право распоряжаться этими землями, как бы они не общее народное достояние, а личная его (хана) собственность. 400 тыс. десятин оставил он за собою, из остальных около двух третей, именно более 4 млн. десятин раздарил и частью распродал родственникам и любимцам».

164 жылдан кейін ақылды ұлық­­тың айтқанын еске алып, ескеруге тура келеді. Алғашқы қазақ хандары жерді қазақтың болашағы мен игілігі үшін пайда­лануға күш салса, Жәңгір хан қазақты нулы-сулы жайылым жерлерінен қуып шықты. Сонан кейін халық көтерілді. Хан Орын­бордан әскер шақыртты. Исатай қылышқа туралып, Махамбеттің басы кесілді. Исатайды қазақтың күнкөрісі үшін пайдаланудағы жерді қорғап қарулы көтеріліске шыққан батыр деуге әбден болады.

Мұндай қақтығыстың бетін аулақ қылсын! Қазақтың қазіргі билігі осыдан дұрыс қорытынды шығарсын, халықтың сөзіне құлақ ассын!

Ғаділше Өтебәлі, тарихшы

Батыс Қазақстан облысы.

Дереккөзі: "Жас Алаш" газеті