Таяуда облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында азаматтардың жер мәселелерінде шешімін таппай жүрген түйіткілді проблемалары тыңдалды, деп жазады "Ұлт ақпарат" ОҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәселен, жеке қабылдауға келген Шымкент қаласы, Абай ауданы, Көкбұлақ елді мекенінің бір топ тұрғындары Сайрам ауданынан берілген жердің бас жоспардың өзгеріп, Шымкент қаласына өтуіне байланысты ол жер телімдеріне соғылған үйлердің бұзылуына наразылық білдіре келіпті. Біршама уақыттан бері шешілмей келе жатқан жер дауының түп-төркіні мынадай. Баспаналар газ құбырының үстіне соғылғандықтан «ҚазТрансОйл» компаниясы үйлерді сот арқылы бұзылуға шешім шығарған.
Мәселенің мән-жайына қаныққан Ербол Әбілқайырұлы жер телімінсіз қалған елді мекен тұрғындарына Шымкент шаһарынан жер берілетінін, ал келтірілген шығындардың өтелетінін мәлімдеді. Жұмыстардың жақын арада шешімін табатынын жеткізген облыс әкімінің орынбасары жаңадан қабылданған Жер Заңын да түсіндіре кетті.
Қабылдауға келген кезекті азаматтың бірі де Шымкенттен. Б.Мухамедов есімді тұрғынның жанайқайы да жер дауына қатысты. Яғни, сот арқылы алынған 68 га жердің мәселесімен жүрген оған әкімдік тарапынан барлық қажетті көмек пен қолдаулардың көрсетілгені айтылып, ендігі кезекті жұмыстарды прокуратура өкілдерімен атқару қажеттігі түсіндірілді.
Бұл күні Е.Садырмен болған жеке қабылдауға жоғарыдағы азаматтар сынды 8 кісі қатысты. Облыс әкімінің орынбасары баяндалған мәселелерді мұқият тыңдап, тиісті мекеме басшыларына олардың шешімін табуы бойынша нақты тапсырмалар берді.