02 қар, 2016 сағат 13:37

Жемқорлықпен күреске әрбір адам мүдделі болуы тиіс

Алматыда қала әкімі Бауыржан Байбек пен Мемлекеттік қызмет  істері  және  сыбайлас жемқорлыққа  қарсы  іс-қимыл  агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаевтың, «Нұр Отан» партиясы өкілдерінің қатысуымен жемқорлыққа байланысты жиын өтті.

Шара барысында А.Шпекбаев елі­міздегі жемқорлыққа қатыс­ты құқық бұзушылықтың көрсет­кіштерін жария етті. Және бұған қоса, кейбір ке­дер­гілерге қара­мастан, Қазақстанда осы бағытта жүріп жатқан тиім­ді шаралардың нәтижесінде ілге­рі­леулер бар екендігін де атады. «Жемқорлық тек мемлекетті ғана емес, жалпы қоғамды толғандырады, бұл – еліміз үшін үлкен мәселе. Осы мәселеде біз әлемде 123 орындамыз, жемқорлық деңгейі әлі де жоғары. Дегенмен, жемқорлыққа қарсы саясаттың арқасында біз 2014-2016 жылдары 17 позицияға көтерілдік», – деді А.Шпекбаев.

Сондай-ақ, жиын барысында соңғы бір жыл тоғыз ай ішінде 660 лауа­зым иесі айыппұл төлегені мәлім болды. Соның арқасында өт­кен жылы бюджетке 3,5 миллиард теңге түскен. Агенттік төрағасы орын­басарының айтуынша, айып­п­ұлды уақтылы төлемегендер бос­тан­дығынан айырылады. Жоғары­да аталған мерзім ішінде 924 мем­лекеттік қызметкердің дүние-мүл­кі тәркіленіп, 1210 адам өмір бойы­на мемлекеттік қызметті атқару құ­қығынан айырылған.

Мемлекеттік органдар қыз­мет­керлеріне профилактикалық шара ретінде жемқорлық пен лауазымды қызметін асыра пайдаланғаны үшін бас бостандығынан айырылып, жазаға кесілгендер туралы бейне­ролик көрсетілді. Алматыдағы барша дерлік құқық қорғау саласының басшылары қатысқан үлкен жиында мемлекеттік аппараттың маңыз­ды жұмысының бірі ретінде сапалы қызмет көрсету мәселесі де сөз болды.

«Біз бұл бағытта барлық үде­ріс­­терді қарапайымдандыра отырып, жариялы түрде жұмыс жүр­гізу­деміз. Жер қатынастары, пәтер бөлу, құрылыс, архитекту­ра, білім мен денсаулық сақтау сала­лар­ын­дағы барлық іс-қимылдар ашық жүргі­зілуде. Лауазымды адам­дарға, тұр­ғын­дарға, бизнеске барлық мәселе­лер­дің тек заң жү­зінде, ешқандай сы­байлас жемқор­лықсыз шешілеті­нін білдіреміз және талап етеміз. Бұл істе мемлекет пен бизнес ара­сында өзара түсі­ністік қалыпта­суы тиіс», – деп атап өтті Алматы әкімі.

Б.Байбек қалада ретсіз құрылыс салудың алдын алу үшін сәулет-құрылыс бақылау ісінің пәрменділігі артқанын, жер қорын сақтау үшін түрлі шешімдердің Бас жоспарға сай жасалатындығын айтты. Бұл шаралар мемлекеттік қызметте жемқорлықты болдырмауға ықпал етуде.

Мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру мен құжаттарды рәсім­деуді жақсарту  барысында Алматы бүкіләлемдік «Doing Busi­ness» банкі жариялаған рейтингте алға шыққаны да айтылды. Мысалы, биыл Қазақстан 6 тармақ бойынша жоғары көтеріліп, 35 орынды иеленді. Ресей, Бельгия, Италия, Грекия, Люксембург және басқалары біздің соңымызда. Авто­маттандыру арқасында процедуралар жеңілдетілді, рұқсат құжат­тарын беру мерзімі 3 есе қыс­қарып, 6 күнге дейін жетті. Керексіз құжаттар талап етілмейтін болды.

«Салықтық әкімшілік те жеңіл­детілді. Бүгінгі күні Алматыда салықтық есеп берудің 96 пайызы электронды түрде жіберіледі, электронды салық қызметінің үлесі – 85 пайыз. Мұнда қызметші­лердің біліктілігіне көп нәрсе бай­ла­нысты. Мемлекет басшысы айтып өткендей, кәсіби мемле­кет­тік қызмет меритократия қағидат­тарына негізделген. Осы ретте бізде өз ісін жетік меңгерген аппарат қалыптасқан» – деді жиын барысында қала әкімі.

Шаһар басшысының  мәлім­деуіне қарағанда, «Құрылыс салуға рұқ­сат алу» жағдайы жақсарған көрінеді. Яғни, 22 позицияға көте­ріліп, 56-орынды иеленген. «Электрге қосылу» позициясы 27 орынға жоғарылапты. Бұл – 102 орыннан 75 орынға көтерілді деген сөз.

Жиын барысында жемқор­лықтың алдын алу және жол бойында полицейлермен байланысты болдырмау үшін 2017 жылы қала бойынша бір мыңнан астам бейнекамералар орнатылатын болады.

Мегаполистегі жиын барысында сыбайластықпен күреске қатысты қордаланған жайттардың барлығы да ортаға салынып, атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы да сала-сала бойынша сөз болды. Алайда, жемқорлықпен ымыраласуға жол бермеуге қарапайым халықтың өзі де мүдделі болуы керек. Мұндай жағдайда қарапайым тұрғындардың көрініп тұрған әділетсіздікке, беріліп жатқан параға, жасалынып жатқан шараларға көз жұмбай, мүдделестік танытуы да бұл істе аса маңызды екені қадап айтылды.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ