Балабақша. Балалардың бақшамен қоштасу ертеңгілігі. Тәрбиеші-педагогтар зыр жүгіріп жүр, балалар да көңілді, айтулы шараға едәуір жауапкершілікпен қарайды. Ұлдар ақ жейде, қара шалбар, қыз балалар әдемі көйлек киіп, заманның сәніне сай кеуделеріне «бітіруші» деп жазылған көк таспа таққан. Жетектескен ұл мен қыз әуезді әуеннің ырғағымен салтанатты түрде залға кіріп, ата-аналарға иіліп амандасқан соң шеткерірек тұрады.
Күні кеше өмірге келген сәбиінің қимылын бағып, әр басқан қадамына шаттанып жүрген ананың бұл қуанышы бұрынғыдан өзгерек. Жүректің лүпілі алқымға тығылып, көзден қуаныш пен сүйініштің ыстық тамшысы тамады. Әл-әзір бітетін бір ғана шумақ. Балдырғанның тақпағын мәнерлеп айтуға тырысқан талабы, қалың ата-аналар арасынан анасын көзімен шолып іздегені қайта айналып келмейтін шуақты сәт.Музыка залының жетекшісі балалардың қимылын мұқият қадағалап, әр баланың орнын ишаратпен нұсқайды. Балдырғандардың бірінің кезегінен жаңылып ортаға шықпағаны, енді бірінің тақпағының алғашқы сөзін ұмытып тәрбиешіге, я анасына жаутаңдағаны, келесілерінің биге арналған киімді кию үшін ақырын ғана залдан шығып кететіні де табиғи. Сахна секілді безендірілген залдың тасасында балалардың киімін жөндеп кигізетін апайлардың жанашырлығы жүрегіңізді елжіретеді. Көрсең көзің тоятын, сүйсінтіп, сүйіндіретін-ақ көрініс…
Ата-аналарға арнап тізілген орындықтарға бірен-саран әже, бірді-екілі әке отыр, көбіне шешелер жайғасқан. Әжелерден басқасы қолдарындағы телефонның бейнекамерасы қосылулы болғандықтан перзенттерінің тақпақ айтып, ән салып, би билегеніне қол соға алмайды.Балдырғандар да бейнежазбаға тәуір түссем дейтіндей…
«Құрметті ата-аналар осымен балаларымыз дайындаған «Қош бол, балабақша!» атты ертеңгілігі аяқталды. Уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге рахмет». Балалар топқа, ата-аналар жұмысқа тарады. Кешке үйлеріне жиналған олардың кейбірі телефондағы жазбаны әкелеріне көрсетті, енді бірінің телефонында сақталған күйі қала берді.
***
Жас отбасы жұмыстан бірге қайтты. Күннің қалай өткені жайлы бір-екі ауыз тіл қатысқан соң әйелі телефонға шұқшиды. Дүкеннен үйге керекті заттарды алу үшін тағы бір тіл қатысқаны болмаса әңгіме айтпады. Үйге келген соң келіншек тамақ қамына кірісті, балалар теледидар, әкелері телефон қарады.
– Мама, біз бүгін күшті ойнадық, – деп басталған баласының әңгімесін «Мен тамақ жасап болайын, сосын тыңдаймын», – деп қайырған шеше тамақтың суы қайнағанға дейінгі уақытта тағы да телефонға жармасты.
– Мама, сенің телефоныңнан «Маша медведь» көрсем бола ма?
– Қызым, менің телефонымнан интернет дұрыс ұстамайды, папаңнан сұрашы. YouTube қарауға жарамайды деген сылтаумен шешесі қызын қайтарып жіберіп еді, ортаншысы «Папам, өзі watsapp-та отыр ғой», – деп риясыз жауап қатты.
Отбасылық ортақ әңгіме тамақтану уақыты қанша уақытқа созылса, сонша уақыт қана айтылды. Арасында ерлі-зайыптылар бір-бірінен watsapp-қа келген бейнелердің ең қызықтысын көрген-көрмегендерін сұрасты. Дастарханды жинауға кіріскен шешеге тұңғышы телефонынан вконтакте желісіндегі қызық деректерді көрсетіп мәз.
– Балам, телефонды зиян деген сайын жабысасыңдар, осы уақытта кітап оқысаң қайтады?
– Қазір, мама. Енді бір он бес минут қарасам болды.
Үлкені атасының үйіне кеткенде Бейімбет Майлиннің әңгімелері мен Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасын оқы деп тапсырып жіберген еді. Жасөспірім малды ауылда атқа мініп қой бағатындықтан жүйрік ат туралы шығармаға қызығар деп үміттенген.
– Мама, «Құлагер» поэмасы ұз-а-а-қ қой.
– Сюжетке құрылып, өлеңмен жазылған шығарманы поэма дейді, біз сендей кезімізде поэмаларды жаттайтынбыз.
– Тым ұза-а-а-а-қ қой, оны қалай жаттайсыздар?
– Жаттасаң жадың шыңдалады, оқығаныңды көп уақыт есіңде сақтайсың.
– Мен бірінші класта жаттаған тақпақтарымды әлі ұмытқан жоқпын ғой…
– Ол саған өмір бойы азық, сөздік қорың молаяды. Бір әңгімені бастағанда кібіртіктеп тұрмай, ойыңды анық жеткізе аласың. Бала шешесінің сөзін байыппен тыңдағанымен, қасынан тез кетіп қалды. Соңғы сөздерінің оған аса дари қоймағынын іштей сезсе де анасы үндемеді. Желіге байланған дүрмек заманның алдында дәрменсіз еді. Бұдан біраз уақыт бұрын тұңғышының вконтактідегі парақшасын ашып көріп еді. Көп айтыла бермейтін қызықты деректер мен кейінгі кезде қатты қызығып жүрген футбол туралы мәліметтерге толы екен. Мағынасыз дүниелердің жоқтығына шүкіршілік етті.
Ас үйден шықса, әкесінің аулаға кеткенін пайдаланған үшінші ұл телефон ойнауға кірісіпті, қызы «Маша мен аю» көре алмай қалғаны үшін бұртиып жүр. Балаларына ертегі оқып бермекші болып еді, қажет кітапты қолына алып, балалардың зейінін аударғанша уақыт та ұзап кетіпті. Ертең ерте тұрып балаларды балабақшаға шығарып салу керек екенін ойлап айнып қалды. Құдай бұйырса ертең кешке оқып берермін деп жұбанды. Алайда, ертеңгі күннің де осы іспетті өтері белгілі еді…
***
Көрші ауылда тұратын ағасы қонаққа шақырыпты, туған күніне орай жеңгесі шағын дастархан жайған екен. Алыс жол болғасын бала-шағаны ала шықты. Бұған дейін қашықтау жерге барса өзара жұмбақ жасырып жолды қысқартатын жақсы әдеттері бар еді. Балалар сәл есейгелі сенсорлы телефонға шұқшиюмен қысқаратын болды. Балалардың бірі екіншісіне Қайрат Нұртастың Астанада тұратынын, Алматыда да үйі бар екенін, соңғы көлігінің маркасын айтып келеді. «Оны қайдан білесің», – деген әкесінің сұрағына «Youtube-тан көріп алдым» деп жауап берді. Көптен көрмеген туыстар жиылып күтіп қалған екен, бірден дастарханға отырды. Балалық шақ, өткен өмір, болашақ жайлы жақсы әңгіме айтылды. Туған күн иесіне жақсы тілек тілеп, бала-шаға өлең оқып, ән айтты. Телефонның бейнежазбасына түсірілген тілектер мен әндер балабақшадағы түсірілімнің кебін киді, қайталап ешкім көрген жоқ.
***
«8 наурыз мерекесіне орай біздің сынып шағын концерт береді, барлығыңыз қатыссаңыздар жақсы болар еді». Сынып жетекшісінің осы хабарландыруынан кейін аналардың бәрі жиналды. Аналарын қуантқысы келген ақ ниеттері балалардың көздерінен анық көрінеді, шетінен өнерлерін көрсетіп жатыр. Әдеттегідей телефонға түсіру басталғанда Арайлым есімді қыз Айгүл Бажан-
ованың «Асыл ана» әнін орындады. Сәл уақыт өткен соң телефонға түсіріп отырған ананың бірі сол қолымен көзінен тамған жасты жан-жағына сездірмейін дегендей ақырын сүртіп отырды. Қайырмасына келгенде телефонды қоя салып, көзінің жасын жасырмай әнді тыңдай бастады. Тыңдау мен бейнеге түсірудің айырмасын дәл осы тұста шын сезінген еді. Сол уақыттан бері балалардың қуанышында қолына телефон алмауға бекінді.
***
Кейінгі кезде адамдардың барлығы өзіне ыңғайлы бір әлемде жүретіндей. Сол ыңғайлы дүниені интернет желісінен табады. Қоғамдық көлікке мінсеңіз де, халыққа қызмет көрсету орындарына, я дәрігердің кезегінде отырсаңыз да телефонға шұқшиған тұрғындарды көресіз.
Youtube қорындағы бейнежазбаларды көріп шығу үшін 1000 жылдан аса уақыт кетеді екен, ал ол уақыт аралығында Youtube-қа миллиардқа жуық жазба жүктеліп үлгеретін көрінеді. Оған тіркелген қолданушының 70%-ы АҚШ-тан екен, ал 50% -ы 20-ға дейінгі жастар. Қазақстан азаматтарының қанша пайызы Youtube-та, қаншасы әлеуметтік желілерде отырып, оған қанша уақытын арнайтыны белгісіз. Алайда, тұрғындардың бүгінгі беталысына қарасақ, желінің ішіне көшу дәуірі басталып кеткендей…
Назым ДҮТБАЕВА, "Қазақ әдебиеті" газеті