Желіде қазақстандық Ninety One тобын қолдаған петиция пайда болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Құрметті ҚР азаматтары және Niney Оne жастар тобының тағдырына бей-жай емес жандар. Сіздерге осы топтың табынушылары болып келетін Қазақстан жастары сөзін арнап отыр. Бірнеше ай болды бәз біреулер оларға қарсы насихат жұмысын жүргізіп келеді: намысқа тиетін видео жариялайды және әлеуметтік желілерде ұран тастап, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп жүр. Мұның артында кім тұрғаны белгісіз. Осындай қысым салдарынан осы жылдың 30 қыркүйегінен 21 қарашасына дейін Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды, Жезқазған, Қызылорда сияқты қалаларда концерттер өтпей қалды", - деп жазған петиция авторлары.
Олардың сөзінше, әр қалада БАҚ назарын аударып, жастар атынан Ninety Оne тобының концертіне қарсылығын білдіріп жүрміз деушілер табылып жатыр. "Желіде 300 адам қол қойды делінген хат тарап жатыр. Біз мұндай құжаттың растығына күмәніміз бар. Білімді және заңға бағынатын адамдарға түсініксіз келетін, жергілікті атқару органдарының әрекетсіздігінен заңсыздық әрекеттер жүріп жатыр. Заңсыздық ретінде бізге Қазақстан Республикасының Конституциясымен (12, 14, 20, 34 баптар) кепілдендірілген құқық пен еркіндіктен айыруды түсінеміз. Оның үстіне жосықсыз бәсекелестік тұрғысынан (177-бап) Кәсіпкерлік кодес те бұзылып отыр", - делінген құжатта.
Петиция авторлары бей-жай қалмай, "елдегі диструктивті жаңа қозғалыстың таралмауына" қол ұшын беруді өтінеді.
Еске салайық, мұның алдында Ақтөбе, Қарағанды, Жезқазған және Көкшетау қалаларында халық наразылығына байланысты көнцерттер өтпей қалған болатын. Ақтөбеде бір топ бастамашыл жастар концертке қарсылығын білдіру үшін журналистерді жинаған. Кейін ұйымдастырушылар өтпей қалған концерт үшін алты миллион теңге талап еткен еді. Қарағанды мен Жезқағанда адамдар билікке шараны өткізбеу туралы үндеу жазған.