23 нау, 2018 сағат 21:44

Жазушылар одағында наурыз мейрамы тойланды (фото)

Ұлыстың ұлы күні - әз наурыз мерекесі еліміздің әр түкпірінде тойланып жатыр. Осы бір айтулы мейрамды қаламгерлер қауымы да ерекше ықыласпен қарсы алды. Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған наурыз тойы араға бірнеше жыл үзіліс салып, қайта жаңғырып отыр.

Мереке күні Жазушылар одағының ғимараты алдына арнайы киіз үйлер тігіліп, наурыз көже әзірленіп, ұлттық мейрам думаны айрықша салтанатпен өтті.

Қазақстан жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Ұлықбек Есдәулет мерекелік шараны ашып, құттықтау сөз сөйледі. Жиналған жұртшылыққа ізгі тілегін айтып, жаңа жылдың жақсы жаңалықтарға толы болуына тілектестік білдірді. 

Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов ақсақалдар атынан сөз алып, батасын берді.

Кеш барасында ақындар қауымы өлең оқып, жырдан шашу шашты. Маралтай Райымбекұлы, Аманғазы Кәріпжан, Ерлан Жүніс бастаған ақындардың өлең-жыры кеш көркін қыздырды.

Бірқатар жазушыларға Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтауы табыс етілді.

Қазақстан жазушылар одағының жаңа басшысы Ұлықбек Есдәулет жазушылар одағында абыройлы еңбек етіп, ерекше көзге түскен бірқатар қызметкерді алғыс хатпен марапаттады.


«Ақ жауын» Мемлекеттік камералық оркестрі шымылдығын түрген наурыз тойында танымал өнер иелері өз әндерін тарту етті.


Қонақтар Жазушылар одағының ғимараты алдында тігілген киіз үйлерге аялдап, наурыз көже ішіп, арнайы жайылған дастарханнан дәм татты.

Наурыз тойына жиналған ағайынның мерейі тасып, ақ тілегін ақтарып, мерекені ерекше қуанышпен өткізді.