Қазақтың классик жазушысы Рахымжан Отарбаевтың 60 жылдық мерейтойы Түркия астанасы Анкара қаласында кеңінен аталды. Түркиядағы Қазақстан елшілігінің ғимаратында Еуразия жазушылар Одағының қолдауымен жазушының «Ақ көбелектер» әңгімелер жинағы мен «Бас» романының тұсаукесері өтті. Сонымен бірге «Kardes Kalеmler» журналының қаламгердің өмірі мен шығармашылығына арнаған санының да таныстырылымы сәтті жалғасын тапты. Кітаптарды түрік тіліне жазушы Мәлік Отарбаев пен ғалым Гүлзада Теменова аударған.
Жұртшылықпен және қала басшылығымен кездесудің соңында жазушыны «TÜRKSOYдың» Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов қабылдап, мерейтой иесін құттықтады.
Ел мерейін өсірген қаламгер Қазақстан елшілігінің «Қазақстан-Түркия» бауырластық медалімен және «TÜRKSOY» тағайындаған «Haldun Taner» Халықаралық медалімен марапатталды.