Жайық өзеніндегі су деңгейі көтерілсе, Орал қаласы төңірегіндегі саяжайларды басуы ықтимал. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша ведомствоаралық комиссияның отырысында айтылды, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі «ҚазАқпарат» агенттігіне сілтеме жасап.
ҚР АШМ Су ресурстары комитеті су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының басшысы Ғалидолла Азидуллиннің айтуынша, қазіргі таңда Жайық өзеніндегі су деңгейінің көтерілуі қалыпты. Күніне 80 сантиметрдің орнына 14 сантиметрге көтерілуде. Алдағы төрт-бес күнде Ақтөбе облысындағы Електен су келеді деп болжануда. Оған қоса Орынбор облысы аумағындағы Жайықтың тағы бір саласы Сақмардан да көп мөлшерде су келмекші. Егер екеуінен су бір мезетте келіп қалса, Жайық өзенінің Орал қаласы тұсындағы деңгейі 700 сантиметрден асуы мүмкін. Ондай жағдайда шаһар төңірегіндегі саяжайларға (1-саяжай және 2-саяжай) қауіп төнеді.
БҚО ТЖ департаментінің мәліметіне қарағанда, өзен маңында 11 мыңдай адам тұрақты тұрып жатса, соның 2,5 мыңы тікелей жайылмаларды мекендеуде. Олардың барлығына су тасқынының болуы ықтимал екендігі жөнінде ескертілді.
Осыған орай Алтай Көлгінов көктемгі су тасқынына байланысты тиісті шаралардың бәрін алып, ең алдымен тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын алдын ала жүргізіп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, барлық жауапты органдарға күшейтілген тәртіппен жұмыс жасауды тапсырды.
Комиссия отырысында сондай-ақ көшелер мен қоғамдық орындардағы құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар және өзгенің мүлкін ұрлау деректерін болдырмау бағытында алда тұрған міндеттер де талқыланды.
Айта кетейік, мұның алдында өңір басшысы бастаған су тасқынына қарсы облыстық штаб мүшелері Жайық өзені бойындағы су басуы мүмкін жерлерді әуе арқылы да шолып шыққан болатын.