Қоғамдық ұйым дерегінше, «Алматыда жастардың 14 пайызының ғана жеке баспанасы бар». Әлеуметтік сауалнамаға жастардың 35 пайызы «баспана мен жұмыс жоқ, отбасын құра алмай жүрмін» деп жауап берген. Ал әкімдік өкілі жастар саясатына 2017 жылы бөлінетін қаржының жартысы жұмыспен қамтуға жұмсалатынын айтты.
20 жастағы Арман (аты-жөнін толық айтудан бас тартты) Алматыға Шығыс Қазақстан облысынан жұмыс іздеп келген. Қала шетіндегі Айнабұлақ ықшам ауданында жер үй жалдап тұрады. Базарда ұялы телефонға қажетті заттар сатып жүр.
- Тарбағатай ауданынан келдім. Кәсіптік лицейді электрик мамандығы бойынша бітірдім. Ауылда жұмыс жоқ. Өскеменнен де мамандық бойынша тұрақты жұмыс таппадым. Енді Алматыға келдім. Тұрғылықты тіркеуде жоқпын. Ауылдастармен «времянка» жалдап тұрамыз. Төрт айда күзетші, даяшы болып жұмыс істеп көрдім. Бірақ айлықты дұрыс төлемеді. Қазір базарда сауда жасаймын, - дейді ол.
Отбасын құрмаған Арман қаладағы жастар саясаты аясында өткізілетін түрлі шараларға қызығып көрмеген. Айлығын дұрыс төлемегенде де ешқандай ұйымдарға, яки мекемелерге барып кеңес сұрамаған. Қалада жастар ұйымдарының бар екенін де хабарсыз.
«ЖАСТАРДЫҢ 28 ПАЙЫЗЫ ПӘТЕР ЖАЛДАЙДЫ»
Алматыдағы жастардың әлеуметтік ахуалы қандай екенін «Жастар үні» қоғамдық қоры жақында жүргізген әлеуметтік зерттеу қорытындыларынан да білуге болады. 15-29 жас аралығындағы 1500-ге жуық алматылық жас қатысқан зерттеудің дерегінше, «Алматыдағы жастардың бес пайызының тұрақты жұмыс орны жоқ». Ал шамамен 23 пайызы тұрақты емес жалдамалы немесе қара жұмыс істейді. Олардың көбі зейнетақы қорына ақша аудармайды.
Қоғамдық қор өкілдерінің мәліметіне қарағанда, Алматыдағы жастардың шамамен 43 пайызы тұрақты тіркеуде жоқ немесе оқу орнында уақытша тіркелген. Алматыға жастардың басым бөлігі оқу үшін және жұмыс іздеп келеді.
- Алматыда жүрген жастардың шамамен 14 пайызында ғана жеке баспана бар. 28 пайызы пәтер жалдайды. 40 пайызға жуығы ата-анасымен не туыстарының жанында тұрады. Жастардың шамамен 35 пайызы «тұрақты жұмыс және баспана жоқтығы кесірінен отбасын құрмай жүрмін» деп жауап берген. Демек, Алматыда жастар арасында баспана және жұмыс табу басты мәселеге айналған, - дейді зерттеуді ұйымдастырушылардың бірі, азаматтық белсенді Дәурен Бабамұратов.
Статистикалық ақпараттарға қарағанда, Қазақстанда кейінгі жылдары ерлер орта есеппен 25-30 жас аралығында, қыздар 20-25 жас аралығында отбасын құрады.
«АЛМАТЫ ЖАСТАРЫНЫҢ САЯСИ БЕЛСЕНДІЛІГІ ТӨМЕН»
Сарапшылардың айтуынша, Алматыдағы жастардың саяси белсенділігі де төмен. «Жастар үні» қорының дерегінше, «Алматы жастарының 40 пайыздан астамы бірде-бір саяси немесе қоғамдық ұйымға мүше емес, 70 пайызы жастар саясаты туралы заңды білмейді». Әлеуметтанушы Гүлнұр Аманбаева жастар белсенділігінің төмен болуының себептерін:
Жастардың қандай да бір ұйымдардың мүшесі болып, қоғамдық жұмыстарға араласуға мүмкіндіктері жоқ. Олардың Алматыда жүргендегі мақсаты – жұмыс пен пәтерақы және тамағын табу ғана.
- Жастардың көбі жұмыспен қамту бағдарламаларына сенбейді. Оларды кінәлай алмаймыз. Жастардың қандай да бір ұйымдардың мүшесі болып, қоғамдық жұмыстарға араласуға мүмкіндіктері жоқ. Олардың Алматыда жүргендегі мақсаты – жұмыс пен пәтерақы және тамағын табу ғана. Ал студенттерді қандай да бір митинг пен акцияларға қатыстырмай, университет тарапынан қысым көрсетеді. Осыдан кейін жастардан қандай қоғамдық белсенділікті талап етуге болады? - деп түсіндіреді.
Әлеуметтанушының айтуынша, «билік жастардың талаптарын тыңдайтын әрі проблемаларын шешуге әрекет ететін ұйымдар құрып, нақты жұмыстар ұйымдастыруы қажет».
«Жастар үні» қоғамдық қорының зерттеуіне қатысқан респонденттердің 74 пайызы қандай да бір жастар ұйымы ұйымдастырған «бірде-бір шараға қатыспағанын» айтқан. Бұған қоса, «Алматыдағы жастардың шамамен 40 пайызының жергілікті биліктің жастар мәселесін шешу үшін жүргізіп отырған саясатына көңілі толмайды».
Ал Алматы қалалық әкімдігінің жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма бастығы Елнұр Бейсебаев биыл жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға арналған 21 іс-шара атқарғандарын, «жастар мәселесін шешуге бюджеттен бөлінетін қаржыны көбейтетіндерін» айтады.
- Алматыдағы әрбір үшінші тұрғын - 29 жасқа дейінгі жастар. Яғни, қалада 500 мыңдай жас тұрады. Биыл жастар белсенділігін арттыруға бағытталған 21 іс-шараны ұйымдастыруға 280 миллион теңге бөлінді,- дейді басқарма бастығы Елнұр Бейсебаев.
Бейсебаев 2017 жылы жастар мәселесіне бөлінетін қаражаттың 50 пайызын жастарды жұмыспен қамту жұмыстарына жұмсауды жоспарлап отырғандарын хабарлады.
Қазақстан статистика комитетінің дерегінше, бұл елде 29 жасқа дейінгі жұмысқа жарамды жастардың саны - 2 миллион 274 мың. Оның ішінде 95 мың жас азамат, яғни жастардың төрт пайызынан астамы ресми түрде жұмыссыз саналады. 486 мыңнан астам жас өзін-өзі жұмыспен қамтыған деп есептеледі.