Алматы технологиялық университетінде «JasStar» жобасы аясында «Жастар жылына» арналған қалалық «Жастар – ұлттың басты капиталы» атты мотивациялық форум өтті.
Форумға қонақ ретінде Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімінің орынбасары А.Бекжанова, «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының Алматы қалалық филиалының төрағасы Д.Қасымов, бизнес-тренер А.Нұрсила, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, кардиохирург Б.Рақышев, «Жастар үні» Жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Д.Бабамұратов, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, паралимпиадашы С.Есматов, "Еріктілер лигасы" қоғамдық ұйымының төрайымы Айсұлу Ерниязова қатысты. Шараға Алматыдағы 38 жоғары оқу орындары Жастар ісі жөніндегі комитеттерінің төрағалары мен олардың белсенді студенттері, Жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты.
Форумды АТУ-дың тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Қалтай Батхолдин жүргізді. Шара барысында қатысушы спикерлер өздерінің жетістікке жету жолын студенттерге айтып берді. Алғашқы болып сөз алған Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Айнұр Серікқызы «Жастар жылына» арналған әрбір шараны әкімшілік тарапынан қолдайтынын айтты. Оның айтуынша, Алмалы ауданы қаламыздағы студенттер көп шоғырланған аудандардың бірі. «Жастар жылында» бүгінгі жастардан күтерім мол. Өзім де студент болдым. Қазір сіздерге барлық жағдай жасалған. Еліміздің өркендеуіне өз үлестеріңізді қосуға әркез тілекшіміз», - деп спикер Айнұр Серікқызы сөзін қорытындылады.
Бұдан кейін сөз алған «Жастар үні» Жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Дәурен Бабамұратов жастарға ерекше мотивация берді. «Егер бүгін әрекет етпесеңіздер, өмір сіздердің қастарыңыздан зу етіп өтіп кетеді. Қазіргі ата-анаңыздың орнында бір кезде сіз отырасыз. Сондықтан, бүгінгі істі ертеңге қалдырмау керек. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, биыл жастарға білім, баспана, отбасы, қызмет жағдайына айрықша көңіл бөлінеді. Ендеше, сол мүмкіндіктен айырылып қалмаңыздар! Мемлекеттің қуатты болуы – сіздердің қолдарыңызда!» деді ол.
Келесі сөз «Жас Отан» ЖҚ АҚФ төрағасы Дулат Қасымовқа берілді. Оның айтуынша, «Жас Отандағы» жастар саны артуда. «Біз жастарға арналған түрлі шараларды ұйымдастырамыз. Сіздер де сол шараға атсалысыңыздар! Әрбір еліне қызмет еткісі келетін жас үшін біз қолдау көрсетеміз! Биылғы «Жастар жылы» бәріміз үшін де табысты, сәттілік жылы болсын! Мақтанар жетістіктеріміз көбейе берсін!» деген тілегін айтты.
Бизнес-тренер Ахметбек Нұрсила қатысушы жастарға кәсіп ашудың сырымен бөлісті. «Көптеген шет елдерде болдым. Қазір көпшілік жастар «параллель» әлемде өмір сұріп жатыр. Біздің әлем қазір роботтардың қолында. Болашақта көптеген мамандықтардың орнын роботтар басқарады. Сол үшін мамандық таңдарда мұқият ескеру керек. Тек бүгінгі күнмен өмір сүруге болмайды. Алдағы 5 жылға жоспар құрған дұрыс. Қарапайым дүниеден бизнес жасауға болады. Мәселен, менің шәкірттерімнің ішінде математика курсын ашып, екі айда 4-5 миллионға жетіп отырған жастар бар. Сондықтан, бизнес ашып, өзіңе табыс келтіруге бейімделу керек», - деп бизнес-тренер Ахметбек Нұрсила жастарды жігерлендірді. Ол өз шәкірттерінің ішінде мол табысқа жеткен 20-24 жастағы жастарды форумға ертіп, халық алдына көрсетті. Бұл - қатысушыларды бір серпілтті.
Келесі сөз паралимпиадашы Серік Есматовқа берілді. Аудиториямен тығыз байланыс жасау арқылы спикер өз басындағы қиындықтармен қалай күрескенін айтып берді. «Бос уақыт мүлде болмау керек. Адам әрқашан өзін жетілдіріп отырса, күйзеліске түспейді. Менің екі аяғыма да протез салынған. Ал сіздерде ең қиын проблема не болуы мүмкін? Басыма қиындық түскенде барлығы саған аяушылықпен қарайды. Бұл өте ауыр нәрсе. Сондықтан, адам басына түскен кез келген қиындықпен күресе білу керек. Өзі еңбектенсе, барлық нәрсе қалағаныңдай болады», - деп Серік Есматов қиындықтарға қарсы тұру жолдарын айтты.
Бұдан кейін сахнаға биылғы «Жастар жылы» форумында Елбасы алдында сөйлеген қатысушы, "Еріктілер лигасы" қоғамдық ұйымының төрайымы Айсұлу Ерниязова шықты. «Біз болашақ балаларымыз үшін қазірден жақсылық жасауымыз керек. Бұл жақсылығымыздың қайтарымы міндетті түрде өзімізге келеді. Сол үшін айналамызға жақсылық жасап жүрейік!», - деп жастарды жақсылық жасауға шақырды.
Қорытынды сөз кардиохирург, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Бауыржан Рақышевқа берілді. «Қазір жастарға үлкен мүмкіндік берілген. Қай саланы таңдасаңыз да, ақша табудан гөрі мемлекет үшін сапалы маман болуды ойлау керек. Мен «Болашақ» бағдарламасымен оқып келдім. Шетелдік мемлекеттермен салыстырғанда, біздің еліміз белгілі бір кезеңнен өтті. Алдағы кезеңдерден де жақсы өтуі үшін біз сапалы маман болып, халыққа жағдай жасауымыз керек», - деді Бауыржан Рақышев.
Форум соңы студенттердің көңілді концертімен аяқталды. Шара жастарға мотивациялық серпін беріп, әсерлі кездесу ретінде әр қатысушының есінде қалды.