29 мам, 2017 сағат 16:28

Жастар саясаты жаңа серпінмен жүргізілуі қажет

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаевтың қатысуымен әкімдіктің кезекті мәжілісі өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ОҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Отырыс барысында жастар саясатының өңірде жүзеге асырылуы мен жер қойнауын пайдаланудың заңдылықтары қаралды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы басшысы Б.Нарбекова Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы Туған жер бағдарламасы аясында Астана қаласымен және Қарағанды, Жамбыл, Қызылорда облыстарының жастар саясаты мәселелері басқармаларымен екі жақты меморандум түзілгенін мәлім етті.

Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалардың орындалуында да бірқатар жетістіктерді атап өткен ол  «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша осы жылы 80 маман баспаналы болып, 315 жас маман жұмысқа орналастырылғанын айтты. Ал орташа жалақысы  56 725 теңгені құрайтын «Жастар практикасымен» 1120 жұмыс беруші мекемеге 3005 жас жолданғанын атап өтті. Бұдан бөлек, басқарма басшысы статистикалық мәліметтерді хабарлап, атқарылған жұмыстар мен алдағы жұмыс жоспарын баян етті.

Баяндамашыны мұқият тыңдаған аймақ басшысы статистикалық мәліметтермен дайындалған баяндаманың салдарынан арғы жағындағы адам тағдырын көралмай отырмыз деді.

«Облыста жастар саны 800 мыңға жуық, олардың ішінде 65 мыңнан астамы жоғарғы оқу орнында оқыса, кәсіптік-техникалық колледждерде 70 855 студент білім алады. Осы жастарымыздың арасындағы құқықбұзышылық пен өзіне өзі қол жұмсау фактілері өсіп отыр. Орын алған жағдай, жастарға арналып ашылған кризистік орталықтың және мектеп жанындағы психолог мамандардың жұмысының тиімсіздігінің салдары мен облыстық телеарналарда жастар бағытында тәрбиелік мағынасы бар  қызықты бағдарламалардың жоқтығының дақатысы бар»,-деді әкім.

Осыған орай, облыс әкімі жастарға арналған интелектуалдық дебат ойындары мен арнайы жастар бағдарламаларын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қоса Ж.Түймебаев ешбір облыста біздегі сияқты 12 жоғарғы оқу орны мен кәсіптік білім беретін 90 колледждің жоқ екенін тілге тиек етіп, осы ретте біз бүкіл еліміздің аймағына үлгі болуымыз қажет деп айтты.

Бірінші мәселені қорытындылаған өңір басшысы жастар тәрбиесіне қатысты сала басшыларына, оның ішінде жоғарғы оқу орындары мен колледж директорларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Енді аталған мекемелер құзырлы органдармен бірлесіп, облыс бойынша жастардың қатысуымен қылмыс көп орын алатын орындардың тізімін жасақтап, қылмыстың алдын алу бойынша нақты шаралар қабылдауы керек. Сонымен қатар, әкім облыстағы барлық телеарналарда аптасына бір рет жастар бағдарламасын ашуды және облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» жанынан жас көшбасшылар мектебі құрылуын жүктеді. Ал, «Серпін-2050» бағдарламасы аясында орта арнаулы оқу орындарына ауыл жастарын тартуды, облыс бойынша құрылысы жүргізіліп жатқан нысандарда тұрғылықты жұмыссыз жастарды тарту бойынша қала, аудан әкімдерімен бірлескен шаралар қабылдауды, барлық мәдениет үйлері мен клубтарда жастарға арналған үйірмелер ашуды міндеттеді.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі