21 мау, 2018 сағат 16:34

Жастар өңірлер тұрмысын жақсартатын жоба ұсынды

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңа толқын 100+» Future-форумында елдің әр өңірінен келген жастар Start-up жобаларын ұсынды. Ассамблеяның бұл айдағы шарасы 19 маусым күні Көкшетаудағы «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасын салтанатты бастау рәсімімен ашылған еді. Жоба Қазақстан этностарының арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік принциптерін дәріптеуге бағытталған. Ал бүгінгі Start-up жобалардың мақсаты – жастардың әлеуметтік өміріне жігер беру.

Бүгін барлығы 14 жоба танысытырылды. Ереже бойынша жобалар «печа-куча» стилінде, яғни 6 минут 40 секундтан аспайтын уақытта қорғалды. ҚХА төрағасының орынбасары Леонид Прокопенко алғы сөзінде жастармен жұмыс істеу Ассамблеяның белді бағыттарының біріне айналып келе жатқанын айтып өтті.

– Форумның аты айтып тұрғандай шара өзін-өзі дамытуға жүзден аса қадам, жүзден астам жаңа идея мен жаңа стартаптар, жүзден көп жаңа достар мен жаңа кітаптар, сондай-ақ жүзден жоғары жаңа қадам алып келеді. Жастар инновация, бәсекелестікке қабілеттілік пен прагматизмді бойына тез сіңіре алады. Форумға қатысудағы тәжірбие мен жаңа стартаптарды іздеу оларға серпіліс береді деп үміттенеміз, – деді Л.Прокопенко.

Алматы қаласының студенті Виктория Стремецкая қазақстандық нарықты теңіз өнімдерімен байытуды ұсынды. Алматы энергетика және байланыс университетінде оқитын стартапер асшаян өнімін кеңейту керек дейді.

– Ол үшін көп нәрсе керек емес. Бар болғаны бассейні мен сүзгіші бар арнайы жабдықталған орын болса жеткілікті. Асшаяндарды өсіру 10-12 айға созылады, ал бұл уақытта 1,5 тонна теңіз өнімін өндіруге болады, – дейді Виктория.

Абай Отарбаев есімді қарағандылық жас ПИК (пәтер иелерінің кооперативі) жұмысын жақсартуға бағытталған Workapp жобасын таныстырды. Абай жоба бойынша SmartЖКХ қосымшасын жасап, айналымға енгізіп қойған. Жобаға үзіліссіз жұмыс істейтін Call-орталықтар кіреді. Оны жүзеге асыру үшін Абай Отарбаев ПИК пен әкімдікпен байланыс жасап жатыр. Қосымша қалай жұмыс істейді?

ПИК-ке бағытталған барлық өтініштер мен қоңырауларды жинап, түгел жауап беріп шығамыз. ПИК-ке қатысты сауалы не проблемасы бар кез келген тұрғын бізге қалаған уақытында хабарласа алады. Біздің диспетчерлер сұраққа жауап беріп, өтінішін тіркейді. Тұрғынға міндетті түрде проблеманың шешімі хабарланады, – дейді жоба авторы.

Тіпті жеке маманды жалдауға болатын сайты да бар екен. Әзірге орталық Қарағандыдағы 100 үйге қызмет көрсетіп отыр. ПИК-ке қатысты көп түйткілді мұндай жолмен шешу қордаланған біраз пробелманы шешуге көмектесіпті.

Қазір ойыншық үйлердің дәуірі жүріп тұрған кез. Егер оның жеделсатысы болса, онда үйді әдеттегілерге қарағанда екі есе қымбатқа аласыз. Әрі экологиялық жағынан пайдалы деуге келмейді. Олай болса ойыншық үйлерді неге керегесі, босағасы, уығы, шаңырағы тұтастай ағаштан жасалған, киізі таза табиғи қойдың жүнінен басылған киіз үйге алмастырмасқа?! Айдар Бексұлтанов есімді жас өнертапқыш балаларды ұлттық дәстүрмен тәрбиелеуді жөн санайды. Сол үшін де балаларға арналған қазақы киіз үй жасап шығарыпты. Бабасы тұрған киіз үймен дос балған ойын баласы киіз үйдің рухын сезіне алар еді деп ойлайды.

– Егер жоба сарапшылар мен инвесторлар тарапынан қолдау тауып кетсе, тоқу станоктарын сатып алып, кәсібімді кеңейтемін дейді, – алматылық жас.

Шара барысында «Қазақстанның 100 жаңа есемі» жобасының жеңімпаздары жетістігінің құпиясымен бөлісті. Соның бірі 18 жасында магистратураны бітірген композитор, пианист, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Рахат-би Әбдісағын алған білімді қалай пайдалану керегін айтып берді.

– Сағат тілін алайықшы. Оның соғып тұруы үшін жүздеген бөлшектер қажет. Олар қаншалықты мықты болса да бөлшек күйінде қалады. Сағат тілінің айналуы үшін сағатшы қажет. Ол сонша бөлікті жинап, параметрлерін реттейді. Тек сонда ғана әлгі шашылған бөліктер уақытты көрсететін бір функциялы механизмге айналады. Кітап қорыңның да, алған білімнің де молдығы артықтық етпейді. Алайда артық білім – уақыт өте келе адамның тұлғалығын жоятын психологиялық жүк. Бұл кезде адам жоғарыда айтқан сағатшыға айналуы тиіс. Білімді жинап қана қоймай, белгілі бір потенциалға ие болып, көздеген мақсатқа жету үшін икемдеу керек, – деді дарынды музыкант.

Ұлт порталы

 Фото: egemen.kz