26 қар, 2017 сағат 11:23

Жастар өңірдің табысты кәсіпкерлерімен кездесті - ОҚО

Оңтүстік Қазақстан облысында «Туған жерді түлеткен азаматтар» жобасы аясында жастар жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. 

Облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында өткен жүздесуде ісін дөңгелеткен бизнес өкілдері кәсіп ашу мен табыс табудың қыр-сырын үйретті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқосудағы мақсат - отандық өнімді қолдау мен насихаттау, оны өндіретін еңбек адамдарын дәріптеу мен жастарға кәсіптік бағдар беру болды. Осы жолда облыс экономикасына өлшеусіз үлес қосып отырған іскер азаматтар жас буын өкілдерімен кездесті. Жиналғандар кәсіпкерліктің қыр-сыры туралы емін-еркін сұхбаттасты. Табыс табу тұрғысында ой-пікірлерімен алмасты.

Қазіргі таңда өңірде кәсіпкерліктің аясы кеңейіп, қарқынды дамып келеді. Басқосуда сөз сөйлеген кәсіпкерлердің айтуынша, бизнес жүргізу бастапқы кезде қиын болғанымен, қазір мемлекеттік тарапынан жеңілдіктер мен қолдау көп.

«Елбасының кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының арқасында өндіріс аясы кеңейіп, фабрикамыз «Қазақтың төл өнімі» деп мақтануға тұратын түрлі кілемдер тоқиды. Жетістігі де жетерлік. Бүгінде өнеркәсіп орнында кілемнің жүзден астам түрі шығады. Сол үшін жастарға кәсібін ашудан қорықпастан, кәсіпкерлікті үйренуге шақырар едім», - деді жергілікті кілем фабрикасының құрылтайшысы Қарлығаш Әуезханқызы.

Жалпы, кітапханадағы кездесудің жастар үшін пайдасы көп болды. Жиналғандар  кәсіпкерлік жөнінде көп мағлұматтар алып, ой түйіндеді.