22 мау, 2025 сағат 12:59

Жасөспірімдер жүктілігі: Ұлттық комиссия жаңа стратегия әзірлейді

Фото: ашық дереккөз

2025 жылдың 20 маусымында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтіп, онда жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Ult.kz.

Жиын барысында бұл мәселенің әлеуметтік маңызы зор екені атап өтіліп, жаңа профилактикалық стратегияны әзірлеу туралы шешім қабылданды.

Отырысты Ұлттық комиссия төрағасы, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ашып, жастардың репродуктивті денсаулығын сақтау және ерте жүктіліктің алдын алу мәселелерінің өзектілігін атап өтті. Оның айтуынша, жасөспірімдер мен жастардың жыныстық және репродуктивті сауаттылық деңгейінің төмендігі алаңдатарлық жайт.

Жаңа құрам және басты мәселелер

Отырыс Ұлттық комиссияның жаңартылған құрамымен өтті, оған қоғам қайраткерлері, сарапшылар мен ғалымдар қатарынан 8 жаңа мүше енді. Сонымен қатар, Ұлттық комиссия төрағасының жаңа орынбасары болып Айман Омарова тағайындалды. Жиынның негізгі күн тәртібінде жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу шаралары мен репродуктивті денсаулық апталығының қорытындылары сөз болды.

Денсаулық сақтау министрлігінің ұсыныстары

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жасөспірімдер арасындағы жүктілік пен жасанды түсік жасату көрсеткішінің жоғары екенін мәлімдеді. Министрлік балаларға гинекологиялық көмекті жетілдіруге бағытталған 2023-2025 жылдарға арналған Жол картасын және балаларға профилактикалық көмекті жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарын қабылдаған. Жоспар аясында контрацептивтерге қолжетімділікті арттыру, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу және кадр әлеуетін күшейту көзделген.

Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова білім беру жүйесіндегі жыныстық тәрбие мен түсіндіру жұмыстарының барысы туралы ақпарат берді. Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Жұлдызай Ысқақова жастар арасында денсаулық пен болашақ ата-ана болудың жауапкершілігіне қатысты кең ауқымды ағартушылық науқандардың маңызын атап өтті.

Жаңа стратегия және алдағы жоспарлар

Отырысты қорытындылаған Аида Балаева ерте жүктілік пен босану мәселесінің Қазақстанда әлі де өзекті екенін айтып, профилактикалық жұмыстарды жасөспірімдердің жыныстық мінез-құлық ерекшеліктерін ескере отырып, көпқырлы тәсілдермен жүргізу қажеттігін атап өтті.

Жиын барысында жасөспірімдер мен жастар арасында ерте жүктілік, жыныстық жолмен берілетін аурулар және репродуктивті денсаулыққа төнетін қауіптер туралы ақпараттандыру деңгейін арттыруға, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған жаңа профилактикалық стратегияны әзірлеу туралы шешім қабылданды.

Ұлттық комиссия төрағасы мектеп оқушылары мен студенттердің жыныстық тәрбиесін арттыру мақсатында жасөспілімдер мен жастарға арналған мобильді қосымша әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ, жасөспірімдер арасындағы жүктілік деңгейі жоғары өңірлерде жыл бойы көшпелі семинарлар өткізу жоспарлануда.

Уәкілетті мемлекеттік органдарға жастар денсаулығы орталықтарының жұмысын қайта қарап, қызметті жаңарту және халық арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау ұсынылды. Кездесуге қатысушылар өңірлік деңгейде ведомствоаралық байланысты күшейтудің және Отбасыны қолдау орталықтарының жұмыс тиімділігін арттырудың маңызын атап өтті.

Ұлттық комиссия мүшелері мен Денсаулық сақтау министрлігі бірлесіп, журналистерге арналған ұсынымдар әзірлейді және «Аналар саулығы» бағдарламасын зерделеп, оны іске асыру жолдарын жетілдіру бойынша ұсынымдар дайындайды.