18 мау, 2019 сағат 14:16

Жасанды интеллект дәрігер мен науқас байланысын жақсартады

  • Қазіргі инновация қарқыны мен өзгерістер жылдамдығы медицина саласына технология енгізу мәселесін қиындата түсті.
  • Сарапшылардың ойынша, дәрігерлер науқасқа көбірек уақыт бөлу қажет.
  • Дәрігер Эрик Топольдың пікірінше, жасанды интеллект «кемел медицина» құру арқылы дәрігерлерге өз уақытын тиімді жұмсауға жағдай жасайды. 

Бүгінде технология бұрын-соңды болмаған жоғары қарқынмен дамып келеді. Соның арқасында медицина саласы таңғажайып жетістіктерге қол жеткізіп, қаншама адамның өмірін сақтап қалу мүмкіндігіне ие болды. Алайда кейбір технологияларды игеру дәрігерлер үшін де, науқастар үшін де қиынға соғады. Сондықтан оларды денсаулық сақтау саласына сәтті енгізу қиындық тудыра бастады.

«Соның бір мысалы – электрондық медициналық карталар. Ол талай дәрігердің зығырданын қайнатқаны рас. Бұл карталар науқас жайлы мәліметті сақтауға және бақылап отыруға арналған. Алайда дәрігер науқасты қабылдау кезіндегі уақытының біраз бөлігін осы картаны толтыруға жұмсайды. Өйткені негізгі мәліметтерді енгізудің өзі ұзаққа созылып кетуі мүмкін», - дейді «Northwell Health» желісінің президенті Майкл Доулинг. Бұл сөздер оның «Денсаулық сақтау саласындағы қайта жүктеу» атты кітабында айтылған.

Дәрігерлердің айтуынша, жұмыс күнінің бақандай 6 сағаты дәл осы электрондық медициналық карталарға клиникалық деректерді енгізуге кетеді. Соның салдарынан олар науқастарға бөлетін алтын уақытын жоғалтады. Негізі дәрігердің қабылдауы шамамен 18 минутқа созылады. Соның көп бөлігі мәліметтерді тіркеуге кетеді екен.

Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, электрондық медициналық карталардың кеңінен қолданылуына кедергі болып отырған тағы бір мәселе бар. Бұл – деректердің құпиялығы, яғни қауіпсіздік мәселесі.

Ұнасын-ұнамасын, бірақ технологиялар дәрігер мен науқастың қарым-қатынасына өз ықпалын тигізеді. «Scripps Research» мекемесінің атқарушы вице-президенті Эрик Топольдың айтуынша, ең алдымен жасанды интеллектті дұрыс бейімдеуіміз керек. Сонда бұл технологияның медицинаға тигізер пайдасы зор болмақ.

Жасанды интеллект дәрігерлерді ауыстыра ала ма?

Жасанды интеллектің еңбек нарығына ықпалы мәселесін қарастырайық. АҚШ-та өздігінен жүретін көліктер технологиясы салдарынан 2 миллионға жуық жүк көлік жүргізушісі жұмысынан айырылуы мүмкін.

Жасанды интеллект тек қол еңбегі қызметкерлеріне ғана әсер етіп отырған жоқ. Танымал кәсіпкер Эндрю Янг жоғары білімді талап ететін кейбір кәсіптердің де «ескіріп» бара жатқанын айтады. «Қарапайым адамдарға қарсы соғыс» кітабында ол «автоматтандыру үрдісі дәрігер, заңгер, бухгалтер, қаржы кеңесшісі, трейдер, журналист, тіпті суретші мен психолог секілді мамандықтарға да қауіп төндіреді» деп жазған.

Күнделікті атқарылатын жұмыстардың көмегімен жасанды интеллектің тиімділігін анықтауға болады. Бұл технология жалықтыратын міндеттерді адамдардан гөрі жылдам әрі дәл орындайды. Және үзіліс те жасамайды.

Жасанды интеллекті медицинада қолдануға қатысты тағы бір мысал келтірсек. Рентгенологтар көп уақытын науқастардың рентген кескіндерін зерттеуге жұмсайды. Бұл мамандық иесіне біліктілігін жетілдіру үшін көп жыл қажет. Соның өзінде де ауруды анықтау қиынға соғатын жағдайлар кездеседі. Өз көзқарасын дәлелдеу мақсатында ағат пікір білдіру немесе немқұрайлы қарау секілді адамға тән қасиеттердің кесірінен қателіктер жіберілуі мүмкін.

Жасанды интеллект болашақта аз уақытта көп рентген кескінін қарап шығып, оларды каталогта бар кескіндердің орасан зор санымен салыстыратындай күйге жетеді. Бұған ешбір адам баласының шамасы келмейді. Ол сондай-ақ адам көзіне байқалмайтын ұсақ ақауларды да табуы мүмкін. Мұның бәрі рентген кескіндерін зерттеу ісін жеңілдетеді. Сонда ақшаны жасанды интеллекті жасап шығаруға бір-ақ рет жұмсап, рентгенологтарды оқып-үйретуге кететін үлкен шығындардан құтылуға болады.  

Бұл рентгенологтар мүлдем қажет болмай қалады деген сөз емес. Жасанды интеллект кескіндерді зерттеумен айналысса, мамандар науқастарға көбірек уақыт бөледі. Бұл технология қазір даму үстінде. Болашақта жасанды интеллект диагностикамен айналысса, рентгенологтар күрделі жағдайларға ден қоятын болады.

«Кемел медицина, терең сезім»

Эрик Тополь «Кемел медицина» кітабында: «Жетілдірілген жасанды интеллект дәрігерлерді күнделікті қайталанатын ұсақ шаруалардан босатуы мүмкін. Сонда олар науқастарға көбірек көңіл бөле алады. Мұның бәрі дәрігердің жұмыстан жалығуын азайтып, медициналық қызмет көрсету сапасын арттырады», - дейді. Осы ретте, Эрик Тополь Экономикалық зерттеулердің ұлттық бюросы жүргізген зерттеу нәтижесін мысалға келтіреді. Оның қорытындысы көрсеткендей, дәрігердің науқасты қабылдау кезіндегі қосымша бір минутының өзі аурудың қайта асқыну мүмкіндігін 8 пайызға азайтатын көрінеді.

Электрондық медициналық карталарға қатысты да жасанды интеллектің көп пайдасы тиюі мүмкін. Мәселен, ол деректерді енгізу, жазбаларды біріктіру және науқастың смарт-сағаты не ұялы телефонынан мәліметтерді алу жұмыстарын жеңілдете алады.

«Машиналар түрлі міндеттерді атқару арқылы біртіндеп адамдардан асып түседі. Сондықтан біз адамгершілік қасиеттерімізді көбірек дамытуымыз керек. Адамдардың машиналардан басты ерекшелігі – осы. Науқасқа дәрігердің жанашырлығы мен рақымшылығы маңызды. Әрине, сезімсіз машиналар адам қасиеттерін ешқашан ауыстыра алмайды», - дейді Эрик Тополь.  

Адамгершілік қасиеті

Дәрігерлер күнделікті жалықтыратын міндеттерге көп уақытын жұмсауға мәжбүр. Дәл осы себепті Нью-Йорк университеті медицина факультетінің профессоры Даниель Офри науқастарға тиісті көңіл бөлмейтін ауруханаларға айыппұл салуды ұсынды.

Экономикалық зерттеулердің ұлттық бюросы жүргізген сауалнама көрсеткендей, денсаулық сақтау саласында әрбір минуттың маңызы зор.

«Ауруға шалдыққан науқас үшін ең бастысы – адам көңілі. Оларға жаны ашитын, қалай қиналып жүргенін түсінетін дәрігер қажет. Дүниеде сырқаттан жаман нәрсе жоқ, мұндай сәтте адам өзін жалғыз сезінеді. Ал оны уайымдайтын дәрігер болмаса, жағдай тіпті нашар. Сол себепті денсаулық сақтау саласында ең алдымен адамгершілікке көңіл бөлуіміз қажет», - дейді Эрик Тополь «Big Think» сайтына берген сұхбатында.

Ал жасанды интеллектің сезімнен жұрдай екені көпке аян. Сондықтан Эрик Тополь бұл технология қаншалықты тиімді болғанымен, дәрігер мен науқастың қарым-қатынасына кері әсер етуі де мүмкін екенін ескертеді. 

Майкл Доулингтің де пікірі осыған саяды. Ол «Big Think» сайтына берген сұхбатында: «Жасанды интеллект қазір жан-жақты дамып келеді. Десе де, науқастарға ең алдымен технология емес, дәрігерлердің, яғни адамдардың көмек көрсететінін ұмытпаған жөн», - дейді.

Мақаланың түпнұсқасы: weforum.org