Қазақ радиосы 95 жылдығын атап өтті
Ұлы Даланың ұлағатты үніне айналған Қазақ радиосына 95 жыл толды. Кеше Астанада бас радионың торқалы тойы кең көлемде аталып өтті. Дәстүрлі «Ұлы дала дауысы» халықаралық жобасы жеңімпаздарын марапаттаған биылғы гала-концерт осы мерейтойға арналыпты, сонымен қатар Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орайлас келіп отыр. Ал бұған дейін «Қазмедиа» орталығында «Халықаралық байланыстар орнатудағы радионың рөлі» деген тақырыпта халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған белгілі ғалымдармен қатар, бірқатар шетелдік танымал радиолардың өкілдері қатысты.
Миллиондардың таңдауы түскен жеңімпаздар
Биыл төртінші рет ұйымдастырылған «Ұлы Дала дауысы» халықаралық радиофестивалі қазақ музыка өнерін заманауи, бәсекеге қабілетті форматта халықаралық деңгейде насихаттауды және тыңдаушының талғамынан шыққан шығармалар арқылы орындаушылық өнерді ынталандыруды мақсат етеді. Жоба бұл үдеден шығып келе жатыр деуге негіз бар. Себебі, «Ұлы Дала дауысы» радиофестивалі бұл күнде танымал жобалардың біріне айналған. Алқалы жиында сөз алған Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақ радиосын 95 жылдық мерейтойымен құттықтаған хатын оқып берді. «Сіздер бір ғасырға жуық уақыт бойы халқымызды танымы терең, мазмұны зор хабарлармен сусындатып келесіздер. Тәулік бойы хабар тарататын Қазақ радиосы ел тәуелсіздігін тұғырлы етуге қалтқысыз қызмет етіп келеді. Ел бірлігін нығайтуға лайықты үлес қосуда. Бүгінгі мерейлі шақта зор денсаулық пен береке-бірлік, шығармашылық табыстар тілеймін. Жағымды жаңалықтардың жаршысы болып, мәңгілік елдің мызғымас құндылықтарын барша халықтың жүрегіне жеткізе беріңіздер», делінген хатта. Сондай-ақ, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков өз кезегінде радионың рухани құндылықтарды дәріптеуде, оны халықтың жүрегіне жеткізуде маңызы зор екенін айтты. «Қазақ радиосы – біздің алтын сандығымыз. Шалқыған әніміз, толқыған күйіміз», деген ол Қазақ радиосының кітапханасына 8 томдық кітабы мен белгілі сазгер Ілия Жақановтың өзі жайлы жазған «Дүние шіркін» кітабын сыйға тартты. Кеште құттықтау сөз «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Нұржан Мұхамеджанова тарапынан да айтылды. Ол радионың тарихына, қызметіне, мән-маңызына, шығармашылық ұжымның өкілдеріне тоқталып, бүгінгідей жобалардың жалғасын таба беруіне тілектестігін білдірді.
Жалпы, «Ұлы дала дауысы» халықаралық жобасы тек радиофестиваль ғана емес, беделді музыкалық шеру деп айтсақ та болады. Қазақ радиосының миллиондаған тыңдармандары 5 ай бойына интернет желісі арқылы сүйікті әндеріне дауыс беріп, өз жеңімпаздарын анықтайды. Атап өтер нәрсе – фестивальға қатысушы шетелдік үміткерге қазақ әнін орындау немесе өз халқының әнін қазақ тілінде орындау талабы қойылады. Биылғы дауыс беру нәтижелері миллионға жетіп, екі апта бойына алғашқы үштіктен көрінген орындаушылар ғана финалға жолдама алған. Ал финалда 40 пайыз тыңдарман, 40 пайыз мамандар сараптауы, сондай-ақ, 20 пайыз жоба ұйымдастырушыларының ұсынысы арқылы «Ұлы дала дауысы» сыйлығының иегерлері анықталған.
Сонымен биылғы радиофестивальға елімізден және Ресей, Түркия, Украина, Белоруссиядан 60 шақты әнші қатысып, оның 16-сы жеңімпаз атанды. Атап айтқанда, «Үздік топ» аталымы бойынша – «Ринго» тобы, «Жігіттер арасындағы үздік жеке орындаушы» аталымымен – Айқын Төлепберген, «Жылдың үздік патриоттық әні» аталымында – Нұрғали Тұрлыбеков, «Үздік эстрадалық орындаушы» аталымы бойынша – Мөлдір Әуелбекова және «Үздік этно-эстрадалық орындаушы» аталымында Ардақ Балажанова үздік деп танылды.
Дәстүрлі өнер өкілдері арасында «Жігіттер арасындағы үздік дәстүрлі орындаушы» аталымы бойынша – Армат Исламғалиев, «Қыздар арасындағы үздік дәстүрлі орындаушы» аталымы бойынша Зүлфия Баймырза жеңімпаз атанды.
Жобаға биыл жаңа номинациялар қосылғанын айтуымыз керек. «Үздік домбырашы», «Үздік қобызшы», «Үздік ұлттық аспаптық ұжым», «Үздік этно-рок» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталды. Олар: Құрманғазы күйін орындаған Жарас Сатыбалдиев, Ықыластың күйімен Саян Ақмолда, «Сарыарқа» тобы және «Ұлытау» рок тобы.
Ал биылғы «Жаңа есім» аталымын Марсель Кутуев (Башқұртстан), Ян Костырко (Украина), Чингис Ли (Ресей), Оксана Войтешик (Белоруссия) және Жем Гурдалдар (Түркия) иеленді.
Жеңімпаздарды марапаттау кешінде аталған өнерпаздардың көпшілігі өз өнерлерін ортаға салды. Оларға «Ұлы дала дауысы» жобасының арнайы эксклюзивті статуэткалары мен дипломдары салтанатты түрде табысталды.
Радио ашуға Ахмет Байтұрсыновтың ықпалы болған
Бір ғасырға жуық қазақ даласын ән-күймен тербеген, халықтың рухани жаназығын айналған, оған қоса елдегі бүкіл оқиғаларды шұғыл таратып отырған Қазақ радиосының қоғамдық өмірден алар орны мен тарихи мәні туралы көп айтуға болады. Онда алаш қайраткерлерінің, тұғырлы тұлғаларымыздың ізі қалды. Қазақтың әдебиеті мен мәдениетіне, өнеріне қатысы бар адамдардың көбінің есімі осы радиомен тікелей байланысты. Конференция барысында филология ғылымдарының докторы, профессор, журналистика майталманы Намазалы Омашұлы айтпақшы, бір күнде 40 шақты «Правда» газетіне тең болатын ақпаратты таратқан Қазақ радиосының қазақ халқына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ол жиын барысында радионы ашуға алаш қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың ықпалы болғанын айтты. Лениннің қабылдауына екі рет кіргенде қазақ халқына үгіт-насихат құралы керек екенін айтқан адам Ахаң екен. Н.Омашұлы бұған Мәскеуде мұрағат құжаттарын ақтару арқылы көз жеткізгенін айтты. Жиын тақырыбына қатысты ол бүгінде ақпарат майданы жүріп жатқанын, бұл майданда радионың мейлінше әділ, шыншыл, ең бастысы халыққа қажетті ақпараттарды таратуға үлес қосуы қажеттігіне мән берді.
Конференция барысында сөз алған Парламент сенатының депутаты Жабал Ерғалиев: «Біздің өткеніміз бен жеткеніміз радио арқылы тарады. Бүгінгі ақпараттық заманда радионың оны ерекше, ол кешегі қазақ тарихын, әнін, күйін бүгінге қаз қалпында жеткізе білген қасиетті құрал. Шетелдегі қандастарымызға қазақ елінің сағынышын, сәлемін де жеткізген осы Қазақ радиосы. Ендеше ұлы дала үні дүние жүзіне таныла берсін» деген лебізін білдірді.
Басқосуға шетелден келген меймандар арасында «Бүкілресейлік мемлекеттік телевизия және радиотаратау» компаниясы бас редакторының кеңесшісі Вячеслав Умановский (Ресей), Ұлттық телерадио тарату корпорациясының бас директоры Кайрат Иманалиев (Қырғызстан), Би-Би-Си агенттігі қырғыз редакциясының продюсері Венера Койчиева (Ұлыбритания), Орталық Халық радиостанциясының аз ұлттар радио орталығының кеңсе меңгерушісі Қанатбек Жұмабайұлы (ҚХР), «Deutshe Welle» халықаралық коммуникация орталығының директоры Клаус Бергман (Германия) тәрізді білікті мамандар болды.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ