28 нау, 2018 сағат 15:45

"Жас отан" съезі - ұтқыр ойлар мен ұтымды пікірлер алаңы

«Жаңа әлемге жол саламыз». Бүгін дәл осындай ұранмен «Жас Отан» Жастар қанатының IV Съезі шымылдық түрді. Ашық, заманауи, жаңа форматта ұйымдастырылған іс-шараның алғашқы күнінде бес панельдік сессия ұйымдастырылып, «Рухани жаңғыру», «Цифрлы Қазақстан», «Қазақстанда жасалған»,«Білім. Ғылым. Инновация» және «Саламатты ұлт» тақырыптарында еркін пікір алмасулар өтті.

«Рухани жаңғыру» сессиясына қатысқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы басым бағыттардың маңызына ерекше тоқталып өтті.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы барлық басымдық еліміздің кемел келешегіне бағытталған. Соның ішінде латын әліпбиіне көшу бағыты бізді әлемдік өркениетке, интеграцияға одан әрі жақындатып, дамудың жаңа кезеңіне бастайды. Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша әлемдегі ең жақсы оқулықтарды әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударуды көздейтін «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы да жастарымыздың сапалы білім алуына бағытталған. Әр адамның өзініңтуған жері мен елінің тарихын, мәдениетін, құндылықтарын дәріптеуге үндейтін «Туған жер» бағдарламасының да маңызы зор, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар партия Төрағасының Бірінші орынбасары бағдарламалық мақалада басымдық берілген «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Қазақстандағы 100 жаңа есім», «Әлемдік бәсекеге қабілеттілік» сияқты бағыттарға да ерекше назар аударды.

Одан бөлек, жарияланғанына бір жыл болатын бағдарлама аясында ауқымды жұмыстар атқарылғанын да тілге тиек етіп, оның бәрі ұлттық болмысымыз бен ұлттық кодты сақтауда айрықша мәнге ие екенін жеткізді.

– Елбасымыздың осындай игі бастамаларын жүзеге асыруда жастардың атқарар рөлі ерекше. Өйткені бұл бастамалардың барлығы жас буынның жарқын болашағына арналған. Сондықтан осы жолда күш біріктіріп, жұдырықтай жұмылып жұмыс істейік, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сессия барысында Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов рухани жаңғыру ең алдымен ұлттық құндылықтарды дәріптеу екенін атап өтті.

«Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, насихаттауда білім ошақтарының рөлі ерекше. Сондықтан біздің министрлік тарапынан бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда әр өңір өлкетану бойынша өз оқулықтарын дайындап қойды. Соған орай алдағы оқу жылынан бастап ол оқулық пән ретінде мектеп бағдарламасына енгізілмек», – деді А.Аймағамбетов.

Назарбаев Университетінде өткен «Білім. Ғылым. Инновация» сессиясында Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Өрсариев пен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов жасотандықтармен кездесті. Өз сөзінде А.Өрсариев Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адам капиталы мәселесіне тоқталды. Ал университет ректоры Е.Сыдықов Президенттің бес әлеуметтік бастамасының білім саласына ерекше серпін бергенін айтып, таяу жылдарда Еуразия ұлттық университетінің студенттеріне арналып бес жатақхана салу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Әр панельді сессия жұмысына спикер ретінде орталық мемлекеттік орган басшылары, белгілі саясаттанушылар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Жастар да белсенділік танытып, өз пікірлерін еркін білдірді.

Жалпы Съезге еліміздің әр өңірінен келген 1500-ден астам делегат қатысуда. Іс-шарааясында «Jas Otan conf» деген атаумен конференция ұйымдастырылып, «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасағанында атап өткен жөн. Съезд жұмысы ертең өтетін Гала-форуммен жалғаспақ.