Бүгін Семей ядролық полигонының жабылған күні. ҚР Президентінің 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды. Полигонның қасіреті – қазақ жерінің қасіреті.
Назарларыңызға "Семей-Невада" қозғалысының әнұранына айналған «Заман-ай» өлеңі мен Тыныштықбек Әбдікәкімұлының полигон жабылар шақта жазған "Қара дала" өлеңін (әні Т.Базарбаевтікі) ұсынамыз.
Заман-ай
сөзі: Ұ. Есдәулетовтікі
әні: Т. Мұхамеджановтікі
Ұлдарыңның қайда кеткен құрығы,
Қыздарыңның қайда кеткен бұрымы?
Мейірімге зарықтырған заман-ай,
Заман-ай, заман-ай,
Туған жердің лайланды-ау тұнығы.
Қайран елім, қайран жерім қор болған,
Жомарттығы сор болған-ай,
Жарылыстан көз ашпаған далам-ай.
Неге біздер у ішеміз суаттан,
Неге біздер ажыраймыз тұяқтан?
Туған жерді тоздырғанша, заман-ай,
Заман-ай, заман-ай,
Неге жерге кірмейміз біз ұяттан?
Қайран елім, қайран жерім қор болған,
Жомарттығы сор болған-ай,
Жарылыстан көз ашпаған далам-ай.
Қираттық та ата-баба мазарын,
Қасіреттің тарттық енді азабын.
Қоң етіңді ойып берген, заман-ай,
Заман-ай, заман-ай,
Көсілетін көрпең қайда, қазағым?
Қайран елім, қайран жерім қор болған,
Жомарттығы сор болған-ай,
Жарылыстан көз ашпаған далам-ай.
***
Қара дала
Күн кірпігін қаққанда тақыр Дала көрінген,
Қалаға да сол Тақыр қорқынышты өлімнен.
Қасқыр да жоқ ол жақта,
Арқар да жоқ – құрыған.
Тек,
Иттері мияулап,
Мысықтары ұлыған.
Жер төсіне сол жақта Атом сына қаққан-ды,
Мекендейтін халқы да қара халық ақ қанды.
Жаратқанға сенгендей, өздері тым аңғал-ақ,
Мал баққан боп жүреді маңдай тері сорғалап.
Өмір көші – баяғы өткен жылдар тұсында,
Соңғы аршаның қаны бар семсер – сәске ұшында…
Енді ол жаққа бейкүнә құс та қанат қақпаған,
Ал, әуеде сөздер көп бірін-бірі мақтаған.
Күн кірпігін жапқанда, күбірлейді сол Дала,
Не дейді екен, білсеңдер айтсаңдаршы, жолдар-ау!..
Ұлт порталы