Жарма ауданында мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің жарқын үлгісі қалыптасқан. Ауданда ашылып жатқан әлеуметтік мекемелер мен ғимараттар соған нақты дәлел бола алады. Оған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ Жарма ауданына жасаған бір күндік іссапары барысында анық көз жеткіздік.
Облыс әкімі алдымен аудандағы ірі елді мекеннің бірі – Әуезов кентінде орналасқан «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС-де болып, қалақұраушы және әлеуметтік жауапкершілікті кәсіпорын атанып отырған іргелі құрылымның шаруасымен танысты. Мұндағы жұмыстарды және алдағы жоспарларды кәсіпорын директоры Юрий Овчинников таныстырды. Аймақ басшысы алдымен келесі жылдан бастап кентті жылытуға кірісетін жаңа қазандықтың құрылысын аралап көрді. Заманауи талаптарға сай тұрғызылып жатқан жаңа қазандық көмірді әлдеқайда аз жұмсап, керісінше жылуды мол бермек. Қазірдің өзінде жылу трассалары төселіп, құрылыстың басым бөлігі аяқталған. Ал кен өндіру жоспарының аумағында тұрған ескі қазандық жылыту маусымы біткен соң бұзылатын болады.
Кәсіпорын соңғы екі жылдың ішінде облыс және Жарма ауданы әкімдіктерімен жасалған әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі меморандум аясында әлеуметтік маңыздағы ірі жобаларға 324 млн. теңге инвестиция салған. Солардың бірі ретінде кентте орналасқан, қараша айының басында бүлдіршіндерге есігін ашатын «Аққу» балабақшасын айтуға болады. Қайта жөндеуден өткен 180 орындық ғимарат заманауи жиһаздармен, қажетті жабдықтармен толық жарақталған. Балабақша меңгерушісі Гүлжанат Жұмағұлованың айтуынша, «Аққу» кенттің балабақшаға деген сұранысын толық жабады.
Нысандар құрылысына көңілі толғанын атаған өңір басшысы алып «БелАЗдар» мен «Komatsu» экскаваторлары кен орнының үстін толассыз аршып жатқан «Бақыршық» кен орнына барып, өндірістің алаңдағы кен өндіру барысымен де танысты. Кәсіпорын басшылары 2018 жылдан бастап мұнда таза алтын концентраты алына бастайтынын мәлім етті.
Облыс әкіміне ауданның Суықбұлақ кентіндегі «АСАР-ИНВЕСТ» және «AS-INKOME» ЖШС-нің өндірген өнімдері таныстырылды. Алғашқысы әктас өндірумен шұғылданады. Жылдық өнім көлемі 1 350 тоннаны құрайды. 139 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал 2005 жылы құрылған екінші серіктестік жер қойнауын пайдаланумен, өндірістен шыққан кесек тастарды қайта өңдеумен шұғылданады. Бұл жерде қуаттылығы сағатына 240 тонна болатын уатқыш-іріктегіш кешен жұмыс істеп тұр. Мұндағы дайын қиыршық тастар негізінен жол құрылысына қолданылады. Оның директоры Серікжан Айкельевтің айтуынша, биылғы 6 айда 65 мың текше метр кесек тас өндірген, 55 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ дәл осы компанияға қарасты «Семей жолдары» мекемесінің жауапкершілігіндегі Шемонайха – Секисовка аралығындағы 54 шақырым жолдың 4 шақырымының жөндеуі әлі бітпей жатқанын айтып, тездетіп бітіруді, олай болмаса келер жылы тапсырыс болмайтындығын ескертті. Өз кезегінде жолшылар қарашаның онына дейін бітіретіндерін айтты.
Сондай-ақ, облыс әкімі Бірлік ауылдық округі аумағына тоқтап, «Омбы-Майқапшағай» республикалық автокөлік жолының «Қалбатау-Бірлік» аралығындағы аяқталмаған учаскесін де қарады. Жағдайды баяндаған «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Серік Ақтанов аталған 36 шақырым бөлікке қажетті ақша тиісті комитет арқылы республикадан бөлінгендігін атап, жылдың соңында не келер жылдың басында жұмыс басталатындығын мәлім етті.
Облыс басшысы округке қарасты Амангелді ауылында үш мың басқа арналған бордақылау алаңын салып жатқан «Sembell» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Оның директоры Азамат Асқарбаевтың айтуынша, құрылыс бітуге жақын, биыл облыс аумағынан алғашқы мың бас бордақыға тұрғызылады. Қажетті тракторлар, үш мың тонна жемшөп қоры да дайындалған. 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Жоба құны – 580 млн. теңге болса, 160 млн. теңгесі өз қаражаты.
Аудан орталығы Қалбатау ауылына келген облыс әкімі «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында азаматтарды жеке мәселесі бойынша қабылдады. Қабылдауға жазылған екі адамның бірі - аудандық «Ауған соғысы ардагерлері ұйымының» төрағасы Тілеухан Бұрғажинов «Семей – Қалбатау» жолы қашан аяқталатынын сұрады. Оған аталған жол бөлігіне мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаны, қажетті қаражат 2017 жылға жоспарланып отырғандығы айтылды. Ал «Ержан» қожалығының жетекшісі Мирболат Тұяқпаев алдағы жоспарында егін шаруашылығымен кешенді айналысу жобасы бар екендігін айтып, Шар су қоймасын жөндеуден өткізу мәселесін көтерді. Оған жауап ретінде республикалық бюджет комиссиясы бұл жобаны жүзеге асыруды мақұлдағаны, биылдан бастап қаржы бөлінетіні айтылды.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ аудан орталығында орналасқан, жақында ғана ашылған «Айналайын Жарма» балабақша-бөбекжайында (бұл туралы мақала газетте жарияланған), «Георгиевка сорғы қондырғылары зауыты» ЖШС-де болып, кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен, жоспарларымен танысты. Жұмыс сапарының қорытындысында меншік қаражаттың есебінен екінші тынысы ашылған аудан орталығындағы заманауи автобекетті аралап көрді. Оның жұмысымен жеке кәсіпкер Гүлнар Атабаева таныстырды.
– Жарма ауданында үлкен шаруалар, жаңа жобалар қолға алынуда. Әсіресе, мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің жақсы үлгілері осында жүзеге асып отыр. «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» аудан экономикасына жаңа серпін беріп отыр. Биыл ғана 80 млн. АҚШ доллары бөлініп отыр. Нәтижелері көз алдарыңызда. Аудандағы жөнделіп жатқан жолдар, қолданысқа берілген балабақшалар, әлеуметтік нысандар, үш мың басқа арналған мал бордақылау алаңы, өткен ғасырдан тарихы басталатын, ірі кәсіпорындармен жұмыс істеп отырған сорғы зауыты, жаңа автобекет - соның нақты дәлелі. Бұның бәрі де - жергілікті халықтың игілігі үшін жасалып жатқан шаруалар, - деді жұмыс сапарын қорытындылаған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.
Дәурен Аллабергенұлы