Қазақ баспасөзінің тарихында Алаштың сан ғасырлық даналығын бойына жинаған, қарымды қаламгерлердің алғашқы қадамы мен талай шығармаларының куәсі болып, бір ғасырды артқа тастаған әдеби басылым – «Жұлдыз» журналы. Осы уақыт аралығында әдебиетіміздің классиктерінен бастап, жас таланттарымыздың үздік шығармалары журнал бетінде тоқтаусыз жарияланып тұрды. Сөйтіп, барлық жанрды қамтыған басылым талай оқырманның жүрегіне жол тапты деп айта аламыз. Ал осы журналдың бүгінге дейінгі тарихы қандай сыр сандыққа толы екен? Бірге зерттейік.
Алғаш әдеби салада «Шолпан» атауымен 1922 жылы 15 қазанда білім, шаруашылық, әдебиет салаларын қамтыған басылым түрінде жарыққа шыққан. Алғашқы бетінде: «Бүкіл жер жүзінің еңбекшілері, бірігіңдер!» деген ұран жазылған. Журналдың «Оқу бөлімі» және «Түркістандағы халық ағарту ісі» деген бөлімдерінде оқу-білім, ағарту, бала тәрбиесі, алғашқы кеңестік еңбек мектебінің мазмұны мен оқу бағдарламасы, сабақ беру әдістері мен орыс мектептерінің оқыту тәжірибелері жайлы ақпараттар жазылған. Сонымен қатар, әртүрлі тақырыптағы ғылыми мақалалар да осы басылым бетінде жарық көрген. Журналдың алғашқы саны жеке басылып, кейінгі сандары 2-3, 4-5 деген ретпен біріктіріліп басылды. Ал «Жұлдыздың» 8-санындағы «Оқушыларымызға!» деген хабарландыруда бірнеше санының бірігіп шығуы, бір ай бұрын жарық көруі керек болған беттер екендігін жазып білдірген. Уақытында шықпауына баспахананың құрал-жабдықтарының істен шығуы әсер еткендігін айтады.
Бұл журнал халық ішінде кең таралуы үшін бірнеше ізденістер жасалып, жұмыстар атқарылды. Соның бірі, «Темірқазық» журналының 1-санында «Шолпан журналы» атты мақала жарияланған. Онда: «1922 жылы 15 октябрьден бастап Түркістан партия комитеті атынан қазақ-қырғыз тілінде «Шолпан» атты саясат, шаруа журналы шыға бастады»,- деп журналдың бағытына шолу жасалған. Журналдың бағасы: 3 айға 800 сом, 2 айға 400 сом және 1 айға 150 сом болған. Соңғы санына дейін баға тұрақты болған.
Журналдың саяси бөлімінде де мақалалар жарияланып тұрды. Соның бірі – «Абыр-сабыр заманда сақтану керек»,- деген мақала «Т» деген бүркеншік атпен берілген. Мақалада: «Төңкерістен бұрын қазақ-қырғыз кедейлері ылғи өгейлік көріп келді. Басынан тоқпақ кетпеді»,- деп төңкеріске дейінгі қазақ-қырғыздарының жағдайы төмен болғандығын және революциядан кейін жақсаратынын білдірген. Алайда бұл елдің саясатына сенімсіздігін танытып, қазақ-қырғыз баяғы қалпында қалып кетуі мүмкін екенін де айтқан. Журналда ұлтшылдық аясында мақала кетпеуі тексерілсе де, бұл мақала алғашқы сандарда жарық көрген екен. Осындай журнал сандарының легі өтіп жатқанда, мақалаларда буржуазиялық-ұлтшылдық қате пікірлер болды деген есеппен, журналдың 8 саны шыққан соң, 1923 жылдың мамыр айында жабылған.
«Шолпан» атауымен жарық көрген «Жұлдыз» журналы араға жылдар салып «Таң» атауымен жарыққа шықты. 1925 жылдың наурыз айынан бастап «Таң» журналы Семейде айлық журнал есебінде жарық көрді. Алайда бұл журналдың ғұмыры қысқа болып, тек 4 саны жарыққа шығып үлгерді. Алғашқы саны 700 тиражбен басылып шыққан.
Журнал бірнеше тақырыптарды қамти отырып, мынандай бөлімдерден тұрған: жалпы саяси; шаруашылық; білім-тәрбие; әдебиет; отантану; ресми. «Таң» журналы – әдеби басылым болды деген пікір, берілген бөлімдерге назар аударғанда қате сияқты көрінеді. Бірақ саяси, ағартушылық тақырыптар қозғалғанымен, әдебиетке аса көңіл бөлінген. Өзге бөлімдерден кем басылды деп айта алмаймыз.
Басылымның алғашқы санындағы «Қымбатты жолдастар!» деген мақалада: «Қазақ арасында баспасөзге шөлдегендік күштілігін айтпасақ тажұрт түсінгендей. Жиылыс пен топтың осы күнге дейін тапсырғанын атқарып келе жатқан партия мен кеңес орындары өзінің тілі санап осы алдарыңыздағы журналды ұсынып отыр»,- делінген. Шындығында сол кезде осындай саяси-әдеби журналдарды халықтың жанының аңсағаны жоққа шығаратын дүние емес.
Журнал бағасы «Шолпан» журналынан әлдеқайда өзгеше. Мәселен, жазылу бағасы: 1 айға – 1 сом, 3 айға – 3 сом және 6 айға – 5 сом, 1 жылға – 8 сом болып белгіленген. Бұл бағалар тақтасына қарап, «Шолпан» журналындағыдай 2-3 айға емес, 1 жылға дейін көрсетілуі, болашаққа алып мақсаттың болғандығын білдіріп тұрғандай.
«Таң» журналы Алаш қайраткерлерінің шоғырланған жерінде, Ұлы ақынның туған жерінде, яғни Семейде басылғандықтан әдебиет пен мәдениетке кем болған жоқ. Оған дәлел, басылымның алғашқы сандарында-ақ «Абайдың басылмаған сөздері», «Абайдың кейбір өсиет сөздері», «Қара сөздері» мен М.Әуезовтің «Қайғылы жетім», «Қазақ қызы» әңгімелері, Шәкәрім өлеңдері, С.Дөнентаевтың «Дәуітбек»өлеңі жарық көрген.
Сонымен қатар, журнал қоғамның әлеуметтік мәселелерін тыс қалдырған жоқ. Үкімет хабарларынан Қазақстан Республикасының астанасы Ақмешіт болуы туралы үкімдер мен қарарларды басып отырды. Құн, барымта, қалың мал, әйелді еріксіз күйеуге беру туралы заңдарға енгізілген қосымшалар да журналдың ресми бөлімінде жарияланып тұрды.
Осындай қарқында жарық көрген бұл журналдың да дәурені тоқтатады. Оның себебін Т.Қожакеев: «Бір губернияда әрі газет, әрі журнал шығару ауыр болғандықтан 1925 жылы маусымда «Таң» журналы жабылды»,- деген пікірді білдірген. Бірақ басылымның 4 маусымда жарық көрген М.Әуезовтің «Ескілік көлеңкесінде», Иса есімді автордың «Алтай ертегісі» поэмасының жалғасы келесі санында жарық көреді деген оймен, аяқталмай қалған. Демек, журналдың жабылуы жоспарсыз, аяқ астынан болған жағдай деп түсінуге болады.
Кейіннен «Жұлдыз» журналы 1928 жылдың ақпанында «Жаңа әдебиет» атауымен өз жұмысын жалғастырды. Оның алғашқы редакторы С.Сейфуллин болды. Бұл атауы айтып тұрғандай, әдебиетке тың өзгеріс пен ізденіс әкелді. Басылым жұмысына Б.Майлин, М.Әуезов, І.Жансүгіров, С.Мұқановтар білек сыбана кірісті. Журнал беттерінен шығармалары үзілместен жарияланып тұрды. Осындай іргелі жұмыстар әдебиеттің өзекті мәселесін айқындап бергендіктен, 1932 жылдан бастап журнал атауын «Әдебиет майданы» атауымен беру мақұлданған. Отызыншы жылдар ұлттық мәдениетіміз қанатын кеңге жайып, өнердің жаңа салалары пайда бола бастаған кез еді. Осындай ұлттық өнер дамуы әдеби журнал беттерінен тыс қалмай жарияланып тұрғандықтан, 1939 жылдан бастап «Әдебиет майданы» атауынан «Әдебиет және исскуство» деп өзгертілді.
Осындай леппен журнал сандары жарық көріп отырды. Кейіннен Ұлы Отан соғысы жылдары майдан, ерлік, рух беру тақырыптарында әртүрлі очерк, повестер мен әңгімелер журналдың басты тақырыптары болды. Сөйтіп, қанша жылды артқа тастап, бірнеше кезеңдерден өткен журнал атауы «Жұлдыз» деп аталды. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпіріне таралатын әдеби басылым түрлі жағдайды басынан өткеріп, сан түрлі атауға ие болып, өзінің тағылымы мол тарихын сақтап, күні бүгінге жетіп отыр.
Оқырманның көңілінен шығып, қызығушылығын арттырған журнал жас қаламгерлердің қаламын қатайтуға, ғасыр шығармаларын дәріптеуге, тарихы терең сырларды ұғындыруға көп еңбек етіп келеді. Қазіргі әдебиет алыптарын: «Әр дәуірдің өз перзенттеріне арқалатар ауыр да абыройлы жүгі бар. Әр қаламгер – ел мүддесінің жоқшысы, жаңа сананың жаршысы. Ұрпақтан ұрпақтың айырымы олар жасаған замана кейпінен туындамақ. Артықшылық кемшілік емес, өзгешелік. Айдың оңы, жұлдыздың сәті болғай.Жолың жарық болсын, жаңа буын жас толқын!»,- деп М.Мағауин жолын ашып, қанаттарын қатайтқанындай, «Менің де шығармашылығыма соны серпін беріп, елеулі бетбұрыс әкелген осы ғажайып журналда «Шықпайтын есік» аталатын өткір әңгімем басылды. Міне мұның бәрі Мұхтар ағаның көрегендігі, жанашырлығы, жастар бойындағы қабілет-дарынды дер кезінде танығаны болса керек»,- деп Р.Мұқанованың санада жаңғырған естелікті есіне алып, әдебиетке келуіне М.Мағауин мен «Жұлдыз» журналының әсері мол болғанын білдіреді. Міне, осындай қарымды қаламгерлердің жолын ашып, оқырманның әдеби шығармалармен сусындап, рухани баюуына септігін тигізіп жүрген «Жұлдыз» журналы әрқашан биікте бола бермек.
Журналдың қаншама тарихты артқа тастап, «Шолпан», «Таң», «Жаңа әдебиет», «Әдебиет майданы», «Әдебиет және исскуство», «Жұлдыз» атауларында жарыққа шығуы, қазақ халқының тарихымен ұштасып жатқандай. Журнал тарихын зерттеп, зерделей отырып, халқымыздың сол кездердегі хәл-жағдайын, әдебиет майдангерлерінің ерен еңбектерін, әдебиеттің соның ішінде қазақ баспасөзінің дамуын да толық қарастыра аламыз. Атаулардың тапқырлықпен қойылғаны да бірден байқалады. Халық пен әдебиеттің сол тұстағы жағдайын журнал атаулары айқындап тұрғандай.
Осындай сан түрлі жағдайды бастан өткеріп, әдебиет пен жас қаламгерлердің дамып-өсуіне жағдай жасап, оқырманды рухани байытқан «Жұлдыз» журналы өз дәрежесін биікте ұстайтыны мәлім. Қазақ баспасөзінің аспанында жұлдыздай жарқыраған «Жұлдыздың» биыл 100 жылдық мерейтойы. Осындай тағылымы мол журналдың редакция алқасына тілерім: оқырманға ұсынып жүрген алтын-жақұттарыңыз таусылмасын, жұмыстарыңызға береке, бастамаларыңызға сәттілік тілеймін! «Жұлдыз» қазақтың маңдайына біткен жұлдыздай мәңгілік жарқырай берсін!
Жібек ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА