16 қыр, 2025 сағат 10:31

Жапониядан келушілер саны 38% артты: Қазақстан туризмі жаңа серіктестікке жол ашуда

Фото: Kvesti.kz

Қазақстан Шығыс Азиядағы туристік бағыт ретінде өз орнын нығайтып келеді. Өткен жылы елімізге 9200-ден астам жапон туристі келген. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 38%-ға жоғары, деп хабарлайды Ult.kz.

Келушілер легінің артуы Қазақстан мен Жапония арасындағы туризм саласында ынтымақтастықты кеңейтуге негіз болып отыр. Осы мақсатта Токио мен Осака қалаларында қазақстандық туроператорлар Skyway, Kompass және MLtour ұлттық әуе тасымалдаушы Air Astana-мен бірлесіп, Жапонияның жетекші HIS, JATA, JTB, Otomo Travel, Tairiku Travel, All Seasons Travel компанияларымен кездесулер өткізді. Жапон серіктестеріне еліміздің туристік әлеуеті, жаңа бағыттар мен қызметтер таныстырылды.

Қазақстандық делегация Осакадағы ЭКСПО-2025 алаңында өткен іскерлік бағдарламаға қатысып, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы QazExpoCongress қолдауымен В2В форматтағы кездесулер ұйымдастырды. Бұл кездесулерде Air Astana, «Karavansaray Turkistan» кешені және «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы өз жобаларын ұсынды.

— Жапон туристерінің тарапынан Қазақстанға деген қызығушылықтың артып келе жатқаны қуантады. Біз бұл елдің компанияларымен тығыз әріптестік орнатуға мүдделіміз. Бұл — Қазақстанның туристік әлеуетін танытуға әрі екіжақты байланыстарды дамытуға ықпал ететін маңызды қадам, — деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының м.а. Даниел Сержанұлы.


Өткізілген келіссөздер жапондық нарықта Қазақстанға деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті. Сарапшылардың айтуынша, бұл алдағы уақытта бірлескен жобалардың дамуына және туризм ағынын одан әрі арттыруға жол ашады.