Сурет: president.kg
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Бішкекте шетелдік студенттермен болған оқиға туралы айтты. Қырғызстан мемлекеті басшысының ресми сайтында осыған қатысты үндеу жарияланды.
Қырғыз Республикасы президенті үндеуінде:
"Құрметті Қырғызстан халқы, өкінішке қарай, бәрімізді алаңдатып отырған жағымсыз оқиғаға тап болып отырмыз. Болып жатқан жайттың мәнін түсінбей, арандатуға бой алдырған топтардың әрекеті халқымыз бен мемлекетімізге соққы болды.
13 мамырда болған оқиғаға қатысты түрлі ақпараттар мен бейнематериалдар 18 мамырда ғаламторда тараған соң салдарын бәріміз көрдік. Иә, құқық қорғау органдары дер кезінде шара қолданып, өз әрекеттерін дер кезінде жұртшылыққа жария еткенде, бәлкім, бұлай болмас па еді", - деді ол.
Ел президенті Ішкі істер министрлігі 13 мамырда болған оқиғаға қатысты кінәлілерді ұстап, жедел іс-шаралар жүргізгенін айтты.
"Өкінішке қарай, жағдайды ушықтыруға мүдделі өзге күштер мұны пайдаланып үлгерді. Отансүйгіш жастарымыздың шетел азаматтарының заңсыз көші-қонына тосқауыл қойып, мұндай әрекеттерге жол бергендерге қатаң шара қолдану талабы дұрыс екені сөзсіз.
Мұндай талаптар бұрын да айтылған. Тиісті мекемелер бұл мәселелерді саралап, қажетті шараларды қолға ала бастағаны белгілі", - деді Жапаров.
Еске салсақ, Бішкекте жергілікті тұрғындар шетелдіктерді соққыға жыққан соң жаппай тәртіпсіздік болғанын хабарлаған едік. Кейін пәкістандық азаматтар елшілік алдында наразылыққа жиналды.
21 мамырда Қырғызстан мен Пәкістан СІМ басшылары Астанада кездеспек.