Батыс Европа – Батыс Қытай дәлізінің Оңтүстіктен өтетін бөлігінің құрылысы басты назарда болады. Жауаптылар маңызды жобаны мерзімінен кешіктірмеуі тиіс. Шымкенттің төңірегіндегі жол құрылысымен танысып қайтқан облыс әкімі осылай деп нақты айтты. Жансейіт Түймебаев күнгейдегі бірқатар демалыс аймақтарына барар жолдан бастап айналма және халықаралық дәрежедегі магистральдің құрылысы барысымен танысты. Өңір басшысы мердігерлердің құрылысты барлық талаптарға сәйкес жүргізуі керектігін қадап ескертті.
Қасқасу демалыс аймағына баратын жолдың бойында басқарма, бөлім басшылары атқарылған жұмыспен өңір басшысын таныстырды. Ұзындығы 8 шақырым жол құрылысының құны – 4 млрд 136 млн теңге.
Келесі нысан – Пазиков көшесінен шағын айналма жолына дейін Арғынбеков көшесі қиылысындағы жолайрығы. Жолдың ұзындығы – 7,8 шақырым. Мердігер “Береке” корпорациясы жұмысты 2015 жылы бастаған. Ал Жібек жолы көшесінен қалалық қоқыс полигонына дейінгі аралықтың ұзындығы – 4,4 шақырым. Мұндағы құрылысты “Түркістансервис” серіктестігі жүргізуде.
Бозарық елдімекені жанындағы күре жолдың құрылысы биыл аяқталуы тиіс. Мердігер “Отаустрой” ЖШС нысанды мерзімінде тапсырмақ. Ұзындығы 4 шақырымға жуық облыстық маңызы бар жол Шымкент-Қызыләскер-Түйетас елді-мекендерін байланыстырады.
Келесі нысан – Батыс Европа-Батыс Қытай халықаралық жолының құрылысы. Бірінші бағыты Шымкент-Қызылорда арасын қосады, ұзындығы – 236 шақырым. Екінші бағыт – ұзындығы 83 шақырымды құрайтын жол Шымкент пен Тараз аралығындағы құрылыс биыл аяқталуы тиіс. Ал үшіншісі Ташкент бағытындағы 101 шақырым жол биылдың соңына дейін тапсырылуы тиіс болатын. Облыс басшысы бас мердігерлердің жұмысына көңілі толмайтынын жасырмады.
Батыс Европа-Батыс Қытай көлік дәлізінің бойында әр 30-40 шақырым жерде халықаралық талаптарға сәйкес бекеттер болуы шарт. Өйткені осы өңір арқылы жол жүрушілерге еш қиындықсыз, қажеттілігіне сәйкес қызмет көрсетілуі тиіс.
Өңір басшысы осындағы жауаптыларға кезекті іс-сапарында БАҚ өкілдерімен бірге бекеттердегі шағын кафелерден дәм татып, көрсетілетін қызметке бағасын беретінін атап өтті.