Боксшы Жанқош Тұраров Бостандық ауданындағы нысанды бұзу кезінде соққы алған сот орындаушысына қатысты жағдайдың мән-жайын түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Жанқоштың айтуынша, ол әпкесінің өтінішін орындап, баланы балабақшадан алып келуге барған.
"Жағдай былай болды. Әпкем "үйде бір жағдай болып жатыр, баланы балабақшадан сен алып келші", - деп өтінді. Сосын үйіне бардым. Барсам үйінің қақпасын бұзып жатыр екен. Мен бұзып жатқандардан, "күн суық, көшеде қалдырайын деп тұрсыңдар ма, үйді неге бұзып жатырсыңдар? Жағдайды түсініп алсаңдаршы", - дедім. У-шу, әпкем жылап жатыр. Өткендегі бес адам қайтыс болған жағдайды білесіздер, сондай жағдай болмасын деп "жігіттер, қойыңдар! Мәселе ушығып кетпесін", - дедім".