17 қар, 2022 сағат 11:11

Жәнібек Әлімханұлына рингке шығуға шектеу қойылды


WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына (13-0, 8 КО) рингке шығуға уақытша шектеу қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі Sports.kz порталына сілтеме жасап.

Әлімханұлы 13 қарашада Лас-Вегаста британдық Дензель Бентлимен (17-2-1, 14 КО) жекпе-жек өткізіп, чемпиондық атағын қорғаған еді. Кездесу төрешілердің бірауызды шешімімен қазақстандық боксшының жеңісімен аяқталды.

Жекпе-жектен кейін Невада штатының Атлетика комиссиясы боксшыларға шектеу қойды. Сонымен, Әлімханұлына осы жылдың 13 желтоқсанына дейін жекпе-жек өткізуге ресми түрде тыйым салынды, ал Бентли шаршы алаңға келесі айдың 28-інен бұрын шыға алмайды. Бұл шара медициналық сипатқа ие және боксшылардың дұрыс қалпына келуіне бағытталған. 

Еске салайық, Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) Әлімханұлы Бентлиді жеңген жағдайда оған мексикалық Хайме Мунгиямен жекпе-жек өткізуді міндеттеген болатын.

Енді «Qazaq style» лақап атымен танымал боксшымыз Х.Мунгия командасынан жауап күтіп жүр.