Жәнібек Әлімханұлы. Фото: Top Rank©
Қазақстандық боксшысы Жәнібек Әлімханұлы (11-0, 7 КО) ұлыбританиялық Дэнни Дигнумге (14-0-1, 8 КО) қарсы жекпе-жектегі мақсаты мен қазақ стилі деген не екенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі Vesti.kz сайтына сілтеме жасап.
Жекпе-жек 21 мамырда Лас-Вегаста (АҚШ) өтеді. Боксшылар орта салмақта WBO тұжырымы бойынша уақытша әлем чемпионы титулын сарапқа салады.
"Қазақ стилі дегеніміз - рингтің төрт бұрышын қолданып жүріп жұдырықтасу. Алда да, артта да жұмыс істеу, қорғанып тұрып қарымта шабуыл жасау, қарымта шабуылдан кейін қорғану. Былайша айтқанда, 12 раундта 12 рет өзгеретін стиль. Рингке шыққан кезде қарсыласқа байланысты бейімделесің. Мықты қарсылас болса, неше түрлі тактика, неше түрлі жақын жекпе-жектер, неше түрлі алдаулар, неше түрлі қорғанулар көрсетуге болады. Біздің қазақ стилі өте бай. АҚШ-та бір белбеу үшін жүрген жоқпыз. Қазіргі мақсатымыз - қазақ стилін тарихта қалдыру. Өйткені бізді әуесқой бокста тани бергенімен, кәсіпқой бокста танып жатқаны аз", - деді боксшы.