05 қаң, 2026 сағат 14:54

Жангелдин ауылындағы жоғалған отбасы ісінде тағы екі адамның із-түзсіз кеткені анықталды

Фото: ашық дереккөз

Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында хабар-ошарсыз кеткен отбасы ісінде тағы екі адамның жоғалғаны белгілі болды, деп хабарлайды Ult.kz.

Бұл жолы әңгіме отбасы басшысы Максот Қарабалиннің қызы Ақбаян мен оның жұбайы Сұлтан туралы болып отыр.

Туыстарының айтуынша, Ақбаян мен күйеуі 5 қараша күні тұрғылықты мекенжайынан шығып кеткеннен кейін олармен байланыс толық үзілген. Олардың жоғалуы отбасының өзге мүшелерінің қараша айында із-түзсіз кетуімен уақыт жағынан сәйкес келеді.

Жақындарының пікірінше, бұл дерек аталған оқиғалардың өзара байланысты болуы мүмкін екенін көрсетеді. Айта кетейік, Ақбаян негізгі отбасы мүшелерінен бөлек тұрған.

Ерлі-зайыптының жоғалуынан кейін олардың кәмелетке толмаған бес баласы ата-анасыз қалып, туыстарының қамқорлығына берілген. Балаларды бауырына басқан әжесі ата-аналардың балаларын әдейі тастап кетуі мүмкін деген нұсқаға сенбейтінін айтты.

Полиция мәліметінше, қазіргі таңда ресми түрде төрт адамға іздеу жарияланған. Ал қалған екі адамның жоғалуына қатысты ақпарат тексеріліп жатыр.