Танымал жас ақын Жанат Жаңқашұлының бір топ жаңа өлеңін оқырман назарына ұсынамыз.
***
БОРАН
(Этюд)
Боран,
Шыр айналмай қоя тұр, дөңгеленбей,
Үйімдегі мен сүйген меңді өлеңдей --
Ыңылдайсың ішіңнен,
Өзіңді өзің,
Əдемі бір əуенмен емдегендей.
Бұрқасынмен бұрқылдап,
Бұла күнім,
Жылағың келсе осылай жыла күнім.
Ызыңдаған боранға селт етпейтін,
Құлық еті -
Құрыш ер құлағының.
Нан басып, үнсіз əйел,
Ұн борайды,
Жаныңды жел жұлымдап мұңға орайды.
Ақ түтек ұн бораған бөлме ішінен,
Қораланып көңілсіз күн қарайды.
Көп əуеннің сөзі жоқ, ыңыл бүгін,
Төске салған темірдей сығылды үнім.
Ақ қамырдан ашуын алып жатыр,
Түріп тастап дүние шымылдығын.
Ашылмаған алапат сиқыр əлі,
Əйел айтқан ыңылдап күй тынады.
Ертең, ертең ұйыған уыз дала,
Жатады үнсіз,
Əйелдей ұйқыдағы.
09.02.2017 ж
ҚИЯМЕТ
Түсімде,
Ысрафил сүр үрлеп,
Кетті мынау жер-дүние дүбірлеп.
Тау құлады,
Кəрі ағаштар тамырымен атып тұрды,
Адам құсап күбірлеп.
Ағынды су тоқтап қалды,
Жел де тыныш.
Сүр үні...
Жанартаулар атқылады,
Желбіреген тұлымы.
Жерден өсіп,
Көрден шығып келе жатты,
Қаңқа сүйек жұлыны.
Дұға оқуды ойлап бір сəт бұлқындым,
Оқи алмай қылқындым.
Қияметте қиын шығар жағдайым,
Саған құл боп өттім бе екен құлқын күн?!
Көк қақырап,
Жер дірілдеп,
Тұлданды,
Уа, Тəңірі, қинамай ал бұл жанды.
Өмір бұған төккен күлдей сұрланды,
Бұл да өмірде қылатынын қылған-ды.
Қас-қағым сəт,
Көрден тұрған аруақтар аңырап,
Адамзаттан ауып түсіп тағы бақ -
Қиямет күн тұр екенбіз,
Мен кітап құшақтап,
Біраз ақын медаль, орден тағып ап.
Уа, Тəңірі,
Тұлданғанда жеті қат жер,
Жеті көк,
Кемпірқосағым сетінеп.
Күнəм төбемнен жауып тұр,
От болып жанып екі бет!
Уақыт тоқтады,
Уақи сарқылды...
Мұхиттар тартылды.
Қарғалар түн құсап түнеріп отырды,
Тыя сап қарқылды.
Мен шошып ояндым...
Егілдім.
Шекесінен маған қарап шегір күн,
Таң атып келеді,
Түнмен кет,
Сұммен кет,
Құммен кет,
Жаман түс жебір мұң!
25.02.2017 ж
МЕН – ЖАУАР БҰЛТ
Мен -
Кеудесін жасын қыжылдатқан,
Зіл батпан,
Жауар бұлт.
Түнеріп кеп, түмен-түмен түркідей,
Көз жасымды көл үстіне бүркімей,
Шөлге құйсам деп едім,
Шөбі шөккен кірпідей.
Жасыныммен жəй түсіріп,
Жарқ еткенде жанарым,
Көңілі ала ағаның,
Қоздап жатқан шаланың,
Төбесінен күркіресем деп едім,
Сіркіресем деп едім.
Мен – жауар бұлт,
Жаумай бір кетпен шөлге кеп,
Кеудесін жалап кермек от,
Буырқанған бурадай,
Былш еткізіп бұршақ түкірсем,
Жын жайлаған жерге кеп.
Нөсер боп құям,
Мен солай жауам мелдетіп,
Сағынған елдің терезелерін терлетіп.
Бұлтқа айналған жүрегімді сығымдап,
Мен солай жауам,
Пенденің бәрін шерлі етіп.
Мен – жауар бұлт,
Жырымнан жаңбыр себезде,
Күркіреп тұрып күлермін,
Көп езге.
Күркіреп тұрып күлермін көктен кеп,
Өлермен өңшең өңезге!
***
Жұлдыздарды жұтып алып таңсəрім,
Көмейінен күн шығып...
Мен түнектің əуенінен шаршадым,
Айта алмайтын тұншығып.
Көлбақа да керіп салып əукесін,
Опера айтқан сиқы əні...
Қап-қара түн шолп-шолп еміп тау төсін,
Шымырлатты-ау құйқаны.
Ит кеміріп ақжем болған жіліктей,
Мыж-мыж мына өкшемен.
Сілекейінен сырғанақ тепкен сүліктей,
Бір із салам деп сенем.
Суретшідей көкті сипап қанаты,
Періштеден түскен əлем хат алса.
Үш жүз алпыс күндегі бір таң аты,
Не болады, есіміммен аталса?
Өлер еді қызғаныштан,
Біраз ақын қапалы.
...Каметасы мұздап ұшқан,
Олар түннің үмметіне жатады.
Ал мен таңмын!
Аң-таңмын мен бұларға,
Өлең-жырмен от өріп.
О, сорлылық,
Шыңға біткен шынарға,
Сарығысы келеді,
Қу сирағын көтеріп.
05.05.2017 ж
***
...Өлімнен емес, өмірден қатты қорқамын,
Бұлғаң сөздерден бұғып ап кейде жортамын.
Ластығын көрдім,
Қастығын да көрдім мен,
Əдемі дейтін əдеби осы ортаның.
Өлімнен емес, өмірден қазір қорқамын.
Өлімнің емес, өмірдің өңі түнерген,
Кешірмейді ешкім қателіктерді жіберген.
Адамды көрдім,
Наданды тағы көрдім мен,
Нəмарттай сайқал ділі өлген.
Өлімнен емес, өмірден қорқам түнерген.
Өмірдің ісі -- өлтірмей сені тынбайтын,
Бір жан жоқ сірə, мұңыңды сенің тыңдайтын.
Суретте қалған бейнеңде ғана белгі бар,
Жыртылып қалмай көздерін енді жұмбайтын.
Өмірден қорқам өлтірмей түбі тынбайтын.
Өлімнен емес, өмірден осы шошыймын,
Жаңғырып қалған қабырғасындай бос үйдің.
Көрік кеудеммен ойлардың отын қоздатып,
Көңілдің шоғын, өмірдің шоғын көсеймін.
Өлімнен емес, өмірден осы шошыймын.
Ақының болсам, ақымағың да едім мен,
Батырың болсам, езің де менмін егілген.
Ақымақ екем, кешіре салсаң нең кетті,
Өлім дегенің -- өмірдің өзі жеңілген.
Өлім дегенің -- өмірдің өзі көмілген.
29.03.2017 ж
***
Мен жүрегімді,
Қайыршының қалтасындай қақтым кеп,
Ең құрымаса бір мейірім тапқым кеп.
Ең құрымаса...
Бір сорлыға сенімімді сатқым кеп.
Ең құрымаса бір адамға жаққым кеп.
Ең құрымаса...
Махаббаттың бір үзімін ұсынып,
Өлсем өлдім махаббаттан ұшынып --
Төрт қалтасын тінтіп тұрмын жүректің,
Көздің шамын түсіріп.
Сұрамай-ақ, ештеңенің себебін,
Ең құрымаса,
Жек көрейін,
Кектенейін деп едім.
Түк таппадым,
Түкпірінде жүректің,
Жалғыз ғана жылап отыр өлеңім...
22.05.17 ж
***
Сен мұңайма,
Мен мұңайсам жетеді,
Бұл жүрегім қасіреттен қатып қалған ет еді.
Сен мұңайма,
Сен мұңайсаң төбеме,
Аспан құлап кетеді.
Мен көрейін көресімді,
Сенің көзің күлсін тек,
Қайғыға да қолдарыңды бір сілтеп.
Сен мұңайма,
Мұң дегенің -- еврейдің ертегі,
Солар ойдан жасап қойған, былшыл тек.
Шаттық үшін шарап алдыр,
Мен ішем,
Кесімі жоқ сөзіңмен де келісем.
Сен қиялда құмбыл туған қыз едің,
Мен фəнилік құмырада мың жыл жатқан перісі ем.
Сен келмесең, күлге айналып кетер ме ем?
Сені сүйдім ерініммен от өрген.
Мəжнүн жайлы ертек айттым сенгісіз,
Махаббаттың мәртебесін көтерген.
Содан кейін жылан жылдар иреңдеп,
Жастық отын сүйреп кетті үйден кеп.
Мəжнүн жайлы айтшы дедің,
Айттым мен:
"Өзге əйелді өле-өлгенше сүйген" деп.
Сен мұңайдың,
Махаббатқа сенген едің,
Селт еттің,
Өзгергені қалай болды ертектің?
Сен мұңайма,
Мəжнүн емес, мына мен,
Есі түзу еркекпін.
25.03.2017 ж
Жанат Жаңқашұлы 1987 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Сарыобалы аулында туған. 2009 жылы ҚарМУ-дің журналистика бөлімін тамамдаған. Өлеңдері облыстық, республикалық басылымдарда жарияланып тұрады. «Тәңір таңбасы» атты кітабы шыққан. Дәуітәлі Стамбеков атындағы сыйлықтың иегері. Қазан қаласында өткен Ғабдолла Тоқай атындағы халықаралық түрік әлемінің жас ақын-жазушылары фестивальінің дипломанты.