27 қар, 2017 сағат 14:07

Жаңаөзендегі жол апатынан қаза болғандар мен жараланғандарға 20 миллион теңге бөлінбек

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында тепловоз бен «Газельдің» соқтығысуы салдарынан қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына өңір бюджетінен қаржылай көмек көрсетіледі. Мұндай тапсырманы бүгін аппараттық кеңесте аймақ басшысы Ералы Тоғжанов жүктеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Атап айтсақ, апатта қаза болғандардың отбасыларына 1 млн.теңге, ауыр халде жатқан 9 адамға 500 мың теңге беріледі. Жапа шеккен тағы 18 адамға 300 мың теңге бөлінбек.

Сонымен бірге, бүгін аймақ басшысының төрағалығымен өткен аппараттық жиында облыстағы барлық мемлекеттік органдардың 1 күндік жалақысын жол апатында зардап шеккендердің отбасыларына аудару туралы шешім қабылданды.


Жаңаөзен қаласындағы әкімдік жанынан 15 адамнан тұратын комиссия құрылды.  Комиссия мүшелері жол апатынан көз жұмған және жараланған отбасыларға көмек көрсетумен айналыспақ. Сондай-ақ, материалдық көмек көрсету үшін қайырымдылық қоры құрылды. Комиссия мен қайырымдылық қорының жұмыс барысын облыс әкімі Ералы Тоғжанов тікелей қадағалайтын болады.

Естеріңізге сала кетейік, 25 қараша күні Жаңаөзен маңындағы Теңге елді-мекенінде тепловоз бен «Газель» көлігі соқтығысты. Апат салдарынан 36 адам зардап шекті. 9 адам қайтыс болып, 27 адам жарақат алған.