фото: freepik.com
Алдын ала мәлімет бойынша, екі ер адам арасындағы жанжалға отбасылық-тұрмыстық жанжал себеп болған. Күдікті өз еркімен полицияға келген, деп хабарлайды Ult.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Қылмыс 28 қаңтарда болған. Медициналық мекеменің дәлізінде ер адам дәрігерге шабуыл жасап, пышақпен жарақаттаған.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, алдын ала анықталғандай, жанжал отбасылық-тұрмыстық қатынастар негізінде туындаған. Пышақ жарақаты салдарынан 29 жастағы ер адам көз жұмды.
Оқиғадан кейін күдікті Жаңаөзен қалалық полиция басқармасына өз еркімен келіп, жасаған ісін мойындаған.
Аталған дерек бойынша полиция Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі (адам өлтіру) бойынша қылмыстық іс қозғады.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті түрде анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде», — деп хабарлады Маңғыстау облысы ПД.
Бейресми мәліметтерге сәйкес, шабуылға қызғаныш себеп болуы мүмкін.
