Бүгін - 2016 жылдың соңғы күні. Санаулы сағаттардан кейін мешін жылына да қош айтамыз. Алда тауық жылы тосады. Осы орайда жаңа жылға қатысты қылқалам иелерінің өлең-жырларын топтастыруды жөн көрген едік. Өлең оқиық!
***
Жаңа жыл түні
«Алақай, бүгін Жаңа жыл келеді,
Жаңа жылды күтетін түн келеді».
Жұрттың бәрі біртүрлі қуанышты,
Кеуделерін осы ой кеп үрлегелі.
Ауыртпалық жиналып... кететіндей,
Жылмен бірге бір бақыт жететіндей.
Аспан жақтан нұр саулап түні бойы,
Ертең дүние өзгеріп кететіндей.
Е, Алла, кезек келіп, Ай, Күн аман,
Жақсылыққа дастархан жайдыр әмән.
— Аяз ата келеді! — деп қызым мәз,
— Білем, ол — Орал аға... — дейді балам.
Мәз болып қонақтың көп келгеніне,
«Жаңа жыл кеп жайғасты төрге, міне,
Тек қар жоқ. Жаңбыр жауып...» — дейді әйелім,
...Е, шүкір, ол да Алланың бергені де.
Жаңа жылдың таңы атты...
Лезде тіпті,
(Шүкір, таңның атқанын көз көріпті).
... Баяғы таң.
Тіршілік сол баяғы...
Иә, айтпақшы, күнтізбе өзгеріпті:
1 қаңтар 2010 жыл.
Бауыржан Бабажанұлы
***
Жаңа жыл түні
Ақ жұлдыздар тойлап,
Ақ аспанда ойнап
Асығады жерге,
Жаралғандай ардан,
Ақ көбелек арман.
Қырдан қырға зулап,
Сәбилер жүр шулап,
Жарысып пәк желмен.
Пейілге нұр сеуіп,
Шаңғыларын теуіп.
Шатыққа ән қосып,
Алақанын тосып,
Шыршалар тұр әне,
Мейірім сыйлап миға,
Көктен қонған сыйға.
Сыймайтұғын сөзге,
Көрінбейтін көзге.
Тек Аллаға аян,
Ақ әлемде жарық
Бақыт бары анық.
... Жаңа жылдың күні,
Жаңа үміттің тіні.
Сол бір бақыт кірсін,
Бүгін әрбір үйге –
Жырылмаған күйде.
Маралтай Райымбекұлы
***
Клаусофобия. Жаңа жыл - 2016
Жана жылды қарсы алмаймын биыл мен,
Жылқыдаймын қалып қойған үйірден...
Қарап тұрмын, аяп тұрмын біртүрлі
Шыршаларды қабақтары түйілген.
Жаңа жылды тойлаудан да жалыққам,
Жаңа жылды ойлаудан да жалыққам.
Мен ол түгіл, төрт жылда бір келетін,
Дүбірлеткен сайлаудан да жалыққам...
Адамдар-ай, арманы көп, арманы,
Аман болсақ, бола жатар қалғаны.
Ең бастысы, осы өткен жыл үшін,
Ешбір жаннан ұялмасақ болғаны...
Ескі жылда неден қалдық, кештеттік,
Қай жерінде қателестік, еш кеттік?
Жақсы нәрсе жазайықшы...
Жаңа жыл -
Жаңа кітап 365 беттік...
Оқығым кеп жұртқа осы өлеңді,
Бір алапат күш буып тұр денемді.
Бұл Жаңа жыл - балалардың мейрамы,
Кешіріңіз, бала емеспін мен енді...
Шырша деймін... шыршаларды айтам да,
Жарты айдан соң қалады өліп қай сайда?!
Нені ойлайды, өз тілінде не дейді-ай,
Бұ дүниядан о дүнияға қайтарда...
Балталаған адамдарды қарғай ма?
Білмеймін ғой, бола ма екен ондай да?!
Со кісілер ЖаҺаннамның отында,
Шытыр-шұтыр шыршадай боп жанбай ма?!
Өзі білсін, түсінсе де кім қалай,
(Әкем оқып қойса, тағы ұрса ма-ай?).
Жұрт тойлап жүр, ал мен тұрмын состиып,
Не өлі емес, не тірі емес шыршадай...
Аяқ асты босап кетті-ау көңілім,
Уа, Тәңір-ай, қартайдым ба, не бұным?
Шыңғырады ішіп алып біреулер,
Шыр айналып шырша-қыздың өлігін...
От-шашулар... оттарындай тозақтың,
Алас, алас, Алты Алаштан азап-мұң.
Жек көре ме Жаңа жылды шыршалар,
Жете алмаған Наурызына қазақтың?!
Күн жылынса, шықсам анау көк белге,
Тек сол ғана, басқа тілек жоқ менде.
...Шырша егемін, тал егемін Наурызда,
Қанша күн бар оған дейін... Көктемге?!
Эээх, Наурыз...
01.01.16 жыл.
Алмас Темірбай
Топтастырған: Ұлт порталы