12 мау, 2017 сағат 13:36

Жаңа жобалармен жанданған өңір

Алматы облыс  әкімі Амандық БАТАЛОВ «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағындағы бірқатар  нысанды аралады. Арнайы экономикалық  аймақ аумағындағы «Қорғас» шекара  маңы  ынтымақтастығы халықаралық орталығында»  облыс басшысы соңғы айларда  бой  көтерген  жаңа  құрылыс  нысандарын көрді. «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА  одан  әрі  дамыту  үшін  Пенжім  ауылының  іргесінен  1267  гектар  жер бөлінген. Оның  600  гектарына болашақта  100  мың  адам  қоныстанатын  жаңа  Нұркент қаласының  инфрақұрылымы  жасалмақ. 

Арнайы аймақтағы құрылыс  қарқыны  күн  санап үдеп,  Қорғас  өзенінің  жағалауында  сәнді де зәулім ғимараттар  бой көтеруде. Сапар барысында облыс әкімі «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында» соңғы  бір жарым жылда бой көтерген «Хуан – Шыңғыс», «Қорғас – КАТ», «Viktoria city», «TZNs Devolopment Group» сауда  орталықтарын  аралап,  инвесторлармен  сұхбаттасты. «Қорғас» шекара  маңы  халықаралық  ынтымақтастығы орталығының құрылысы ҚР мен ҚХР  басшыларының бастамасымен бірлесіп жасалған ірі жоба. Мақсат Қытай елімен сауданы жеңілдетуге бағытталған. Бастысы, Батыс Еуропа – Батыс Қытай трансконтинентальды жол жобасын жүзеге асыру арқылы екі мемлекеттің де тасымал әлеуетін дамытуға арналған. Бүгінде бұл орталық әлемде теңдесі жоқ жаңа жоба. Ол өндірістік, көліктік әлеуетті күшейтіп, шағын және орта бизнесті барынша табысты етуге кеңінен мүмкіндік береді. Елімізде бәсекеге қабілетті тауарлар өндіріп, қызметтерді дамыту және құруды, сондай-ақ кәсіпкерлердің әлемдік нарықтағы белсенділігін арттыруды көздеген.
Жобаны жүзеге асырудың негізі ҚР мен ҚХР Үкіметінің арасында жасалған келісім болды. 2004 жылдың 24 қыркүйегінде Елбасы Н. Назарбаевтың Қытайға барған сапарында екі ел Үкіметінің өкілдері Қазақстан мен Қытай шекаралары арасында «Қорғас» халықаралық шекаралық әріптестік орталығын» құру туралы негіздемелік келісімге қол қойды. Келесі жылы шілде айында ҚХР-дың  бұрынғы  басшысы Ху Цзиньтаоның Қазақстанға  келген ресми сапарының аясында  орталықтың қызметін реттеуге келісім жасалды. Осы жылы тамыз айында ҚР Үкіметінің қаулысымен жоба операторы қазақстандық тараптан «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» болып бекітілді. Орталықтың құрылысы екі бөліктен тұрады. Олар Панфилов ауданындағы орналасқан қазақстандық және ҚХР-дың  Іле-Қазақ автономдық облысы аймағындағы тұрған қытайлық бөлік деп аталады. Орталықтың жалпы аумағы 528 гектар жерді қамтиды, оның 185 гектары қазақстандық, 343 гектары қытайлық бөлік. Орталықтағы бөліктердің арасындағы жол қатынасы арнайы көлік, жүргінші өткелдері арқылы жасалған. Арнайы экономикалық  аймақта  қазір  екі ел азаматтары өз мемлекеттері тараптарының құзыретті органдары бекіткен құжаттардың негізінде виза рәсімдемей-ақ 30 тәулік мерзімге дейін жүре алады. 2016  жылдың қараша  айынан  бастап  Қазақстан  азаматтарына  жеке  куәлігімен  орталыққа  кіруге  рұқсат  етілді. Басқа мемлекеттерден келген азаматтар  халықаралық сапарларға арналған құжаттарға сәйкес рәсімделеді. 
Облыс  әкімінің  өңірдегі  сапарының  алғашқы  күні  Жаркент  гуманитарлық-техникалық  колледжі  жиынжайында  аудан  активімен кездесуімен қорытындыланды. Мұнда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, өндіріс  орындарында, білім  беру  мекемелерінде  шешімін күткен мәселелер  қызу  талқыланды. Алдымен  аудан тіршілігі жайлы кең көлемді хабарлама  жасаған  аудан  әкімі Бердәулет Абдулдаев өңірде  жүзеге  асырылған жұмыстар жайында баяндады. Жиында Үлкеншыған  ауылдық  округіндегі  «Қамқорлық» ЖШС төрағасы Әлен  Жолдасов, Славян  этномәдениет  орталығының  мүшесі  Полина  Емец, зейнеткер Тұрсын  Жалилходжаев, Жаркент  гуманитарлық-техникалық  колледжінің  студенті  Гүлдана  Самалбекова сөз сөйлеп, ойларын  ортаға  салды.  
Амандық Ғаббасұлының  Жаркент өңіріне сапарының  екінші  күні шекарадағы «Нұрлы  жол»  кедендік  өткеліндегі логистикалық кешен құрылысын  көруден басталды. Логистикалық кешен толық  іске  қосылғанда бір  жұмыс  күнінде 875 көлікке  жүк  тиеліп  жолға  шығатын  болады. Соның  60  пайызы (525) қысқа  мерзімді сақтау ғимаратында қайта  тиеліп, 350  көлік  ашық  алаңнан  жүк  алуға  бейімделген. Осы  жерде  облыс  әкіміне  Жаркент  өңірін  табиғи  газбен  қамту  жұмысы  таныстырылды. «Интергаз Орта  Азия» АҚ директоры Валентин Хван  таныстырған  жаңа  жобаның  өңірге  әкелер  жақсылықтары  орасан мол. Ірі транзиттік және  магистральді газ құбырлары  облыс  арқылы  өткенімен аймақты газдандыру деңгейі  жоғары  емес. Бұған қоса қазір қалыптасып  отырған күрделі  экономикалық  ахуал тұрғындарды газбен  қамту үшін жаңа  құралдардың  қолданылуын  талап  етеді. Мысалы, инфрақұрылымдық жобалардың  жүзеге  асуы үшін  қуатты инвесторлар  табуға  тура келеді. Сондықтан «APL Construction» ЖШС  секілді жеке  инвесторлардың  тартылуы аймақты газдандыру үшін ең  тиімді тәсіл  болмақ. Ұлттық  оператор «ГазТрансГаз» АҚ инвестициялық  серіктесі «APL Construction» ЖШС-імен бірлесіп, Жаркент  қаласына  жеткізуші газ  құбыры  мен автоматтандырылған газ  тарату  стансысын салып, наурыз  айында  іске  қосылған. Қолданысқа берілген «Жаркент» АГТС-і  мен  газ  құбырлары  биыл  аудан  орталығының 43  мыңнан  астам  тұрғыны  мен 161  өндірістік  және коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорынын, сонымен  қатар «Қорғас – Шығыс  қақпасы»  арнайы  экономикалық аймағын табиғи  газбен жабдықтайды. Қазір газ құбырлары  «Қорғас –Шығыс  қақпасы» АЭА  тартылуда. Жалпы,  ауданда  324 шақырым газ құбыры  салынып, 11800  тұтынушыны  қамтымақ. 
Баяндаушыны  ден  қоя  тыңдаған  облыс  әкімі АҚ  басшысы мен облыстағы  осы  салаға  жауапты тұлғаларға газ тартуды  сапалы атқарып, оның жалпы  халыққа  қолжетімділігіне  баса назар  аударуды  тапсырды. Әсіресе, жобаға  салынған қаржымызды  жедел  қайтарамыз  деп тұрғындарды  қинамау қажеттігін  қадап  айтты. 
Келесі кезекте Нұркент  қалашығына келген облыс басшысы осындағы  аудан тұрғындарына  арналып  салынған    60 пәтерлі  коммуналдық қос  үйді  көрді. Үй  құрылысын  «New Construction» ЖШС  атқарып,  жергілікті  бюджеттен бөлінген 800 миллион  теңгені  сапалы  игергені  байқалады. Әр  үйде 28  бір, 32  екі  бөлмелі  жанға  жайлы  пәтерлер  бар. Амандық Ғаббасұлы  осы  қалашық  іргесінен  салынатын  болашақ Нұркент қаласына  бөлінген  жер  теліміне  барып, оның  бас  жобасымен  танысты. 
– Еліміз  тәуелсіздік  алған  жылдардан бері аймақтарда бірде-бір  жаңа  қала  салынбапты, Нұркент тыңнан  салынған  алғашқы  қала  болмақ, – деді  облыс  әкімі.
Іссапар «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-ның  «Құрғақ  порт»  терминалында Қазақстан – Қытай мемлекеттері басшыларының қатысуымен  Астанадағы «Экспо – 2017»  көрмесінің  Қытай  павильонымен арада ұйымдастырылған «Қазақстан мен Қытай Еуразияның транзиттік  көпірі»  атты телекөпірмен  түйінделді.
Телекөпірде  екі  ел  басшылары  ҚХР-дың Ляньюньган портындағы Қазақстан – Қытай  логистикалық  орталығы мен «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА арасындағы  контейнерлік  қызметті  іске  қосты.  Телекөпірде облыс  әкімі  мен «Қазақстан  теміржолы» ҰК» АҚ  вице-президенті  Санжар  Елубаев  екі  ел  басшыларына «Қорғас – Шығыс  қақпасы» АЭА-да атқарылған  жұмыстар  туралы  баяндады. Ұлы  Жібек  жолын  жаңғырту  жобасының  маңызы  мен  мәні  жөнінде  ҚР  Президенті  Нұрсұлтан  Назарбаев  пен  ҚХР Төрағасы  Си Цзиньпин сөз  сөйлеп, «Құрғақ порттан»  Қытайдың  Шингу қаласына, Ляньюньганнан Түркияның  Стамбул қаласына  жүк  тиелген алғашқы контейнерлік пойыздардың  аттануына  рұқсат  берді.
  Мырзағали НҰРСЕЙІТ