"Жаңа оқу жылына арналған оқулықтардың 99% мектептерге жеткiзiлдi. Оңтүстiк Қазақстан мен Ақтөбе облысында ғана оқулықпен қамту жұмыстары әлi жалғасып жатыр. Бұл туралы ҚР БҒМ вице-министрi Элмира Суханбердиева «Оқу орындарының жаңа оқу жылына дайындығы туралы» тақырыбындағы ОКҚ брифингi барысында мәлiмдедi", - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«1 қыркүйек күнi елiмiз бойынша мектепке 2,5 млн астам оқушы барады. Болжам бойынша, бiрiншi сыныпқа баратын оқушылар саны 370 мыңды құрайды. Жергiлiктi атқарушы органдардың мәлiметiне сәйкес, жаңа оқу жылында 7126 мектеп бiлiм бередi. Ағымдағы жылы 99 мектептi iске қосу жоспарланған. Олардың iшiнде 1 қыркүйекке дейiн 60 мектептi, 2016 жылдың соңына дейiн 32 мектептi ашу көзделiп отыр», - дедi вице-министр.
Оның айтуынша, апатты жағдайдағы мектептердiң барлығы ағымдағы және күрделi жөндеуден өткiзiлдi. Мектептердiң жылыту жүйелерi де әзiрлендi.
«24 тамыздағы жағдай бойынша, жаңа оқу жылына арналған оқулықтардың жеткiзiлу көрсеткiшi 99 пайызды құрайды. Елiмiздiң 14 өңiрiне оқулықтарды жеткiзу аяқталды. Ал Оңтүстiк Қазақстан облысы (96 пайыз) мен Ақтөбе облысында (93 пайыз) жұмыс әлi жүргiзiлiп жатыр. Оқулықтармен қамтамасыз ету жүйесi ҚР БҒМ бақылауында», - дедi вице-министр.