20 ақп, 2026 сағат 13:19

Жаңа ғасыр жастары және баба жолы


20 ақпан күні Алматы қаласындағы Алматы облысының қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар колледжінің мәжіліс залында осы оқу орнының кітапхана ұжымы мен республикалық «Сырлы қалам» шығармашыл жастар ұйымының директоры Бекзат Ринатұлының ұйымдастыруымен «Сара сөз» танымдық жобасының кезекті кеші өтті.  «Жаңа ғасыр жастары және баба жолы» деп аталған кеш қонағы «Алтын ханымдар», «Әсем ханымдар – әлемді таңқалдырған әжелер» тобының жетекшісі Ботан Керейқұлова.

Кештің басты мақсаты – жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатқан жаңа ғасыр жастарына ұлттық құндылықтардың маңызын ұғындыру, бабалар аманатына адалдық пен рухани сабақтастықты дәріптеу. Бағдарлама барысында ел болашағы – жастардың бойында ұлттық рух, тектілік, ізгілік пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыру жайы сөз болды.

Кеш барысында Ботан Бекетбайқызы өзінің өмір жолы, жетістікке жету тарихы, ұлттық болмысты сақтай отырып әлемдік аренада танылудың қыр-сыры туралы мазмұнды әңгіме өрбітті. Ол жастарға ең алдымен білім мен тәртіптің, табандылық пен еңбекқорлықтың маңызын атап өтті. «Ұлттық тамырынан ажырамаған ұрпақ қана жаһандану толқынында өз орнын таба алады», – деген ойы студенттердің жүрегіне жол тапты.

Сонымен қатар, қонақ қазақ әйелінің қоғамдағы рөлі, ана тәрбиесі, отбасы құндылығы, сыртқы сұлулық пен ішкі мәдениеттің үйлесімі жөнінде тағылымды пікірлерімен бөлісті. Сән әлеміндегі жетістіктерімен қатар, ұлттық киім үлгілерін дәріптеу арқылы қазақтың дәстүрлі өнерін халықаралық деңгейде насихаттап жүргенін ерекше атап өтті.

Кеш барысында студенттер көкейіндегі сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасты. Ашық форматта өткен сұхбат жастардың белсенділігімен, мазмұнды сұрақтарымен ерекшеленді. Қонақ өз кезегінде әрбір жасқа үлкен сенім артатынын айтып, биік мақсат қойып, адал еңбек етуге шақырды.

 

Темірлан РАЙЫМБЕРГЕН,

Алматы облысының қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар колледжінің студенті