Шымкентте Жастар жылы аясында қаламынан жыр төгілген жас ақындардың «Жаңа ғасыр әуендері» атты жинағының тұсау кесер рәсімі өтті. Жинақтың тұсауын Ерлан Айтаханов салтанатты түрде ашып, белгілі айтыскер ақын Ақмарал Леубаева жастарға өзінің арнауын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Жаңа туындыда қаладағы 12 жас ақынның қоғам, рухани жаңғыру, таным, сүйіспеншілік, патриотизм және тағы басқа тақырыптағы өлеңдері басылған. Жинақ тұлғаны жан-жақты дамытып, рухани қалыптастыруға бағытталған. Қала әкімі осы туындыға өлеңдері шыққан шығармашыл жастарға шығарма арқылы қоғамда Ұлы құндылықтар қалыптастырып, өркендету жолындағы қызметтеріне табыс тіледі. Қашан да қоғамның ең өткір де өзекті мәселелері мен ішкі болмысты өлеңмен жеткізіп, қазақ поэзиясын одан әрі дамытуға үлес қосуларына тілек білдірді.
«Бұл жинақ оқырмандардың қызығушылығын тудырып, болашағын қалыптастыруға зор мүмкіндік беретініне сенімдімін», - деді қала әкімі Ерлан Айтаханов.
Салтанатты шарада «Шам» жас ақындар клубының мүшелері авторлық өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ, шара соңында жергілікті ақындар жыр төгіп, жаңа әуендер әуеледі.