Фото: inform.kz
2024 жылы 71 жастағы зейнеткер Тараз қаласына әпкесінің қолына көшіп барған. 2025 жылғы Құрбан айттан кейін ол хабар-ошарсыз кеткен. Туыстары полицияға жүгінген. Бұл туралы Syrym Iykulov telegram парақшасына сілтеме жасап Ult.kz хабарлайды.
Тамыз айында ауыл маңындағы алқаптан мәйіт табылған. Оны жоғалған әйелдің қызы мен немересі таныған. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, өлім туралы актілік жазба тіркеліп, куәлік берілген.
Алайда 2025 жылдың қыркүйегінде әйел күтпеген жерден Жамбыл ауданына қарасты Қостөбе ауылындағы ағасының үйінде жүргені анықталған.
Белгілі болғандай, Құрбан айттан кейін ол Айша бибі ауылына маусымдық пияз жинау жұмыстарына барып, үй иесінің қолында тұрған. Зейнетақы төлемдері тоқтатылған соң, ол Таразға қайтып оралып, өзін ресми түрде қайтыс болды деп танығанын білген.
Тексеру барысында табылған мәйіттің басқа адамға тиесілі екені анықталған. Мәйітке эксгумация жүргізіліп, қайта сот-медициналық және генетикалық сараптама жасалған. Сараптама марқұмның жеке басын анықтаған.
Қызы сотқа жүгініп, анасының өлімі туралы жазбаны жоюды және құқықтық мәртебесін қалпына келтіруді талап еткен. Өлім туралы актілік жазба күшін жойып, берілген куәлік жарамсыз деп танылған. Шешім заңды күшіне енді.
