Жамбыл облысында педофил 20 жылдан аса уақытқа сотталды, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz тілшісі облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кәмелет жасына толмаған қызды зорлаған ер адамға қатысты қылмыстық сот процесі аяқталды.
"Іс материалдарынан, 2016 жылы 24 сәуірде Жамбыл облысы Шөлдала ауылында қараусыз қалған үйде сотталушы ішімдік ішіп отырған. Осыдан кейін ол сыртқа шығып, далада ойнап жүрген кәмелет жасына толмаған үш қызды көрген. Өз ойын іске асыру үшін, сотталушы дүкенге барып, шоколад пен сусын алған. Қайтып келіп, кәмелет жасына толмаған қызға шоколад пен сусынды беріп, алдау арқылы қараусыз үйге алып кірген", - делінген сот баспасөз қызметінің хабарламасында.
Осыдан кейін ер адамның қызға пышақ көрсетіп, қорқытып, артынша зорлағаны айтылады. Сотта күдіктінің қылмысы дәлелденді.
"Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабының 4-бөлігі және 121-бабының 4-бөлігі бойынша қылмысты жасады деп танылды. Сотталушының әрекетінде қылмыстық ой болған. Сот оған 22 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті және балаларды тәрбиелеу жұмыстарымен айналысу құқығынан айыруды бекітті. Ол жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейтін болады", - делінген сот үкімінде.
Жазасын өтеу орнында ер адамға алкогольдік тәуелділіктен мәжбүрлі түрде емделуді тағайындады. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.