08 шіл, 2024 сағат 11:26

Жамбыл облысында нөсерден кейін жиырма бір үйді су басты

Сурет: Жамбыл облысының әкімдігі

7 шілдеде Жамбыл облысындағы Сарысу ауданында қатты нөсерден кейін көлбеу ағын қалыптасып, тау бөктерінде орналасқан 200-ден астам үйдің ауласы мен 21 үйдің ішін су алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Жамбыл облысының әкімдігіне сілтеме жасап. 

Оқиға орнына облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Арман Тоқанов, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов келген. 

Жергілікті атқарушы орган және төтенше жағдайлар департаментінен жұмылдырылған 50-ден астам адам тұрғындарға көмектесіп, су айдау жұмыстарын жүргізуде. Бұдан бөлек, 17 бірлік техника тартылып, 11 мотопомпа қолданылуда. Қажетті техникалар санын арттыру үшін жедел шаралар қолға алынуда.

Қазір арнайы техникалардың көмегімен суды тоқтату, бағытын бұру жұмыстары үздіксіз атқарылуда.


Зардап шеккен тұрғындар үшін қабылдау пунктері дайындыққа келтірілді. Азаматтарды тасымалдауға арнайы көліктер қарастырылған.

Жалпы, төтенше жағдай салдарын жою, қалыпқа келтіру бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде.

Ербол Қарашөкеев жедел штаб отырысында орын алған жағдайдың қайталанбауы үшін себебін зерделеу бойынша жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.

"Арнайы комиссия құрылып, тұрғындарға, зардап шеккен нысандарға заң талаптарына сәйкес барлық қажетті көмек, қолдаулар көрсетіледі. Біз бұл қиындықты да бірге еңсереміз, – деген өңір басшысы аталған жағдай жеке бақылауында болатынын баса айтты", - деді өңір басшысы.


Айта кетейік, аудандағы ахуал тұрақты, су деңгейі төмендеді. Адам, мал шығыны жоқ.