26 мау, 2025 сағат 12:33

Жамбыл облысында қайтыс болған донордың ағзасы бірнеше адамның өмірін сақтап қалды

Фото: ҚР ДСМ

Жамбыл облысында қайтыс болған донордан көп ағзалық ағза алу операциясы сәтті жүргізілді, деп хабарлайды Ult.kz.

Бұл күрделі әрі жоғары технологиялық операция ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің трансплантаттауды үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы мен Жедел медициналық жәрдем қызметінің үйлесімді жұмысының, сондай-ақ Жамбыл көпбейінді облыстық ауруханасы мамандарының кәсібилігінің арқасында мүмкін болды.

Операцияға «Ұлттық ғылыми онкология орталығы», University Medical Center жүрек орталығының, Шымкент қаласының жүрек орталығының командалары, сондай-ақ Астана қаласының медициналық авиация мамандары қатысты.

Ми қан айналымының жіті бұзылуы диагнозымен ауыр халде жеткізілген 1976 жылы туған жамбылдық пациенттің жағдайы дәрігерлердің күш-жігеріне қарамастан, емге бағынбады, және үшінші күні ми өлімі анықталды. Барлық құқықтық рәсімдерден кейін және отбасынан келісім алған соң, басқа адамдарға өмір сүруге мүмкіндік беру туралы маңызды шешім қабылданды.

Нәтижесінде, өмірлік маңызды жүрек, бауыр және бүйрек ағзалары алынды. Жүрек шұғыл трансплантаттауды қажет ететін жас пациентке Шымкент қаласына жіберілді. Ал бауыр мен бүйрек өмірін сақтап қалу мүмкіндігін күткен басқа пациенттерге трансплантаттау үшін Астана қаласына жеткізілді.

Көп ағзалық алу – бұл қайтыс болғаннан кейін бір донордан бірден бірнеше ағза алынатын рәсім. Бұл медициналық мекемелер мен авиация арасындағы жоғары үйлестіруді, дайындықты және өзара іс-қимылды қажет етеді.

Бірнеше пациенттің өмірін сақтап қалған батыл әрі адамгершілік шешімі үшін донордың отбасына шын жүректен алғыс айтамыз. Сондай-ақ, осы маңызды және игі іске қатысқан барлық мамандар мен ұйымдарға алғысымызды білдіреміз.