01 там, 2024 сағат 13:01

Жамбыл облысында бағасы 30 млн теңге тұратын өндірістік база 270 мыңға сатылып кеткен

Фото: Жамбыл облысының прокуратурасы

Жамбыл облысында коммуналдық меншікті нарықтық құнынан 111 есе төмен заңсыз сату фактісі анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Талас ауданының прокуратурасы жылжымайтын коммуналдық мүлікті заңсыз сату фактісін анықтаған. 2008 жылы «Игілік» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының басшылығы конкурс ұйымдастырмай осы мекеменің өндірістік базасын тікелей үшінші тұлғаларға 270 мың теңгеге сатқан. Жамбыл облысы прокуратурасының мәліметінше, базаның бағалау құны - 30 млн теңге.

2022 жылы заңсыз меншік иесі несие алу үшін мүлікті микрокредиттік ұйымға кепілге қойған.

"Осы факт бойынша 18.10.2023 жылы Талас ауданының прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 362-бабының 4-бөлігі (лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану) бойынша кәсіпорынның бұрынғы басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Тергеп-тексеру нәтижелері бойынша қылмыстық іс ескіру мерзімі өтуіне орай тоқтатылды", – деп қосты ведомство.


Сонымен қатар прокурорлық қадағалау актісі негізінде Жамбыл облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 22.02.2024 жылғы шешімімен әкімдіктің сатып алу-сату шарттары мен кепілді жарамсыз деп тану туралы талап-арызы қанағаттандырылды. 22.05.2024 жылы апелляциялық саты бірінші сатының шешімін өзгеріссіз қалдырды. Сот актісі заңды күшіне енді. Мүлік мемлекетке толығымен қайтарылды.