16 қаз, 2025 сағат 10:58

Жалған коучтер мемлекеттік мекемелерге дейін жетті – Айдос Сарым

Фото: Mail.kz

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Ақпарат министрлі Аида Балаеваға сауал жолдап, елімізде соңғы жылдары кеңінен таралып кеткен эзотерикалық және псевдопсихологиялық жалған ілімдерге алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Ult.kz.

Оның айтуынша, жалған диплом жасап алып, өздерін «академия», «халықаралық ұйым» атынан таныстыратын бақсы-балгерлер, тренерлер мен коучтердің саны күн сайын артып келеді.

Депутат кез келген сайтты немесе әлеуметтік желіні ашсаң, «барлық құпияны білетін», «адам жанын толық ашатын» мамансымақтардың курс, семинар, кездесу өткізіп жатқанын атап өтті.

«Мұны жай ғана жеке адамдардың таңдауы деп айта алмаймыз. Рухани алаяқтар мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік ұйымдарға дейін жетіп, бұл мемлекеттік әрі қоғамдық проблемаға айналды», – деді ол.


Айдос Сарым мысал ретінде елімізде жиі таралып жатқан «Сюцай» атты курстарды атады. Түсіндіруінше, бұл бағыт өзін «ішкі әлеуетті ашатын сандық психология» деп таныстырғанымен, шын мәнінде ғылыми негізі жоқ, эзотерикалық әрі діни сипаттағы коммерциялық жобаға айналған.

«Сюцай атауын жамылған топтар жабық форматта шара өткізіп, өз уағыздарын таратып жүр. Олардың көбі лицензиясыз, сертификатсыз, мүлдем тіркелмеген ұйымдар мен тұлғалар», – деді депутат.


Оның пікірінше, мұндай жалған ілімдер қоғамның санасын улап қана қоймай, ұлттық қауіпсіздікке дейін әсер етуі мүмкін. Сондықтан бұл салаға мемлекеттік деңгейде нақты бақылау мен реттеу қажет.