13 қаң, 2026 сағат 16:30

Жалған фолловердің діни үкімі мен табысқа әсері – мамандар не дейді?

Фото: istockphoto.com 


Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы әлеуметтік желідегі парақшаларда оқырман санын арттыруға қатысты пәтуа шығарды. Пәтуада фолловер санын шынайы қолданушылар арқылы, яғни шариғатқа қайшы келмейтін жолдармен көбейтуге және мұндай қызметке ақы төлеуге рұқсат етілетіні айтылған. Ал жалған, бот аккаунттар арқылы фолловер санын арттыруға және оған ақы төлеуге тыйым салынады.

Мүфтияттың түсіндіруінше, бүгінде көптеген адамдар мен компаниялар өз парақшаларын насихаттау мақсатында тіркелушілер, лайктар мен пікірлер санын арттыратын түрлі қызметтерге жүгінеді. Ол үшін арнайы қызмет көрсетушілермен келісімшарт жасалып, ақы төленеді. Егер бұл қызмет нақты адамдардың қатысуымен жүзеге асса, шариғат тұрғысынан рұқсат етіледі.

Ал фолловер саны бот аккаунттар арқылы жасалса, бұл шынайы әрекетке жатпайды және алдау болып есептеледі. Шариғатта мұндай әрекетке тыйым салынған. Сонымен қатар, тапсырыс беруші бұл жалған әрекетті біле тұра әдейі жасаса, күнәнің ауырлығы арта түсетіні атап өтілген. Өйткені ол өз парақшасын өзгелерге шын мәнінде жоқ сипаттармен көрсетеді. Мұндай әрекет «өтірік айту, бұрмалау» санатына жататындықтан, шариғатта рұқсат етілмейді. Осы орайда Ult.kz тілшісі жалған фолловердің діни үкімі мен табысқа әсері туралы мамандардан сұрап көрді.

 

«Адамдарды адастыруға тыйым салынған»

 

Алматы қаласы Орталық мешітінің наиб имамы, РАНТ мүшесі Қуаныш Әбішевтің айтуынша, бұл – маркетинг екені түсінікті. Алайда дәл осы жағдайда мұндай қызметке ақша беру арқылы адамдарға өтірік ақпарат көрсету шариғатта рұқсат етілмейді.


«Бұл тек маркетинг, ешқандай зияны жоқ» деген пікірге қатысты айтарымыз: иә, бұл – маркетинг екені түсінікті. Жалпы, мұндай қызмет көрсететін адамдарға ақша төлеу, ондай компаниялармен келісімшарт жасау заң жүзінде рұқсат етілген және ол табыстың адал екені де айтылып жатады. Алайда дәл осы жағдайда мұндай қызметке ақша беру арқылы адамдарға өтірік ақпарат көрсету шариғатта рұқсат етілмейді. Мысалы, бір өнімге (айталық, пиццаға) қатысты жүздеген оң пікір бар сияқты көрінеді. Бірақ ол пікір қалдырған адамдардың басым бөлігі бұл өнімді мүлде татып көрмеген немесе татып көрсе де, ондай баға бермейді. Бір адам бірнеше жалған аккаунт ашып, солар арқылы «жеп көрдім, ұнады» деп пікір жазады. Мұны көрген тұтынушы расымен де жүздеген адам бұл өнімді қолдап отыр деп ойлайды. Ал шын мәнінде, ол жерде бар болғаны 4-5 адам ғана өнімді көрген, ал қалғаны өтірік аккаунттар мен жалған пікірлер. Осындай жолмен адамдарды адастыру шариғатта тыйым салынған»,  – дейді Қуаныш Тоқсанбайұлы.



Наиб имамның сөзінше, мұндай мәселелерге діни үкім (пәтуа) шығарылар кезде, ең алдымен, жан-жақты зерттеу жүргізіледі. Сұрақ толық талданып, оны қойған адамның жағдайы ескеріледі.


«Істің салдары қандай, қоғамға тигізер әсері қандай, нәтижесі неге алып келеді, осының барлығы қарастырылады. Содан кейін ғана Құран аяттары мен хадистерде бекітілген қағидаларға сүйене отырып пәтуа беріледі. Жастар арасында мұндай үрдістің кең таралуы өте қауіпті. Өйткені бұл «өтірік арқылы кез келген нәрсеге қол жеткізуге болады» деген түсінікті қалыптастырады. Ар-ұят, намыс, шындық, әділеттілік сияқты құндылықтар екінші орынға ығысып, көлеңкеде қалады. Соның салдарынан қоғамда байлық пен жетістікке өтірік арқылы жетуге болады деген теріс түсінік қалыптасады. Бұл үрдіс қоғамдағы рухани құндылықтардың бағасын төмендетеді. Жастар үшін шындық пен әділеттілік маңызды емес деген ой орнығады. Сондықтан жастар үлкендерден ең алдымен шынайылықты, әділеттілікті, әр нәрсенің өз шын бейнесі мен шын атауын көруі тиіс. Сонда ғана олар дұрыс бағытта тәрбиеленіп, жақсылыққа бет бұрады», – дейді Қуаныш Әбішев.

 


SMM тұрғысынан тиімсіз

 

Ал оқырманды қолдан көбейту (фейк, бот) –  SMM тұрғысынан мүлде тиімсіз. Бұл туралы SMM маманы Айгерім Құтжанова айтып берді. Оның сөзінше, жалған жазылушылар жеке парақша болсын, блогерлік аккаунт болсын, бизнес парақша болсын – ешқайсысына нақты пайда әкелмейді.


«Қазір барлығы, мейлі бартерлік ұсыныс жасасын, мейлі жарнама бергісі келсін, ең алдымен охватты сұрайды, статистиканың скриншотын көрсетуді талап етеді. Егер охватың төмен, репост жоқ, пікір аз, лүпіл (лайк) аз, бірақ жазылушы саны көп болса  саған ешкім ұсыныс жасамайды. Бұл блогер үшін де, бренд үшін де тиімсіз. Жеке парақша жүргізіп отырған блогер үшін де, брендтер үшін де мұндай аудиторияның еш пайдасы жоқ. Мысал ретінде өзімді айтайын. Мен блогер ретінде парақшамды бірнеше жылдан бері жүргіземін, қазір 30 мың оқырманым бар. Бұл  – 4-5 жылда жиналған, «тірі» аудитория. Олар пост пен рилс арқылы өздері келіп жазылған, сондықтан охватым жоғары. Мысалы, 30 мың оқырманның 6-7 мыңы стористі қарайды. Қызықты посттардың лүпілі 2 мыңға дейін жетеді, ал орташа посттарда 1400 шамасында болады. Пікірлер 50-60, репосттар бар яғни engagement, охват, қаралым бәрі қалыпты. Мұндай аудитория маған тиімді, себебі менде «тірі» оқырман бар. Бартерге немесе жарнамаға ұсыныс жасаған адамдарға статистиканы қысылмай көрсете аламын.
Қазір бизнес парақшалар да аңғал емес. Олар парақшаға кіріп, «күшті екен» деп қана баға бермейді. Егер бәрі жалған болса, ешқандай жарнама да, бартер де ұсынбайды. Бұл брендке де, блогерге де тиімсіз», – дейді Айгерім Құтжанова.



Маманның айтуынша, бизнес парақшаларға келсек, мысалы, киім сататын аккаунт фейк жазылушыларды жинап алса, сторисі мен рилстарының қаралымы бәрібір төмен болады. Соның салдарынан Instagram арқылы сатылым да дұрыс жүрмейді.


«Иә, сырт көзге парақша әдемі, визуалы жақсы болуы мүмкін, бірақ ішіндегі аудитория жалған. Мысалы, бір киім дүкенінің 10 мың оқырманы бар делік. Егер олардың көбі бот болса, стористі бар болғаны 100-200 адам ғана көреді. Бұл ең минималды, төмен көрсеткіш. Қазір кез келген тауар Instagram арқылы сатылады. Бірақ аудитория жалған болса, оның ешқандай әсері болмайды. Керісінше, алгоритм төмендейді. Алгоритм төмендеген соң, Instagram бұл парақшаны «қызықсыз» деп тірі адамдарға көрсетпейді. Себебі фейк аккаунттар реакция білдірмейді, лайк қоймайды, пікір қалдырмайды. Олар тек сан мен «әдемілік» үшін ғана тұрады. Соның нәтижесінде бренд жаңа клиент жинай алмайды. Бот арқылы жиналған оқырмандар аккаунттың охваты мен engagement-іне қатты кері әсер етеді. Алгоритм құлдырайды, сатылым болмайды, сатып алу да, жеке ұсыныстар да жоқ. Сондықтан SMM-дегі ең бастысы сан емес, сапа. Егер сенің 5 мың оқырманың болып, оның бәрі тірі аудитория болса, стористі 900-1000 адам көреді. Әсіресе, ол оқырмандар өз еркімен жазылған болса», – дейді Айгерім Құтжанова.


Маманның сөзінше, тіпті кей брендтер бізге «аз аудиториясы бар, бірақ охваты жақсы блогерлер керек» деп айтады. Өйткені олар көп оқырманы бар аккаунттардың көбінде фейк аудитория болатынын біледі. Ал жаңадан өсіп келе жатқан 15, 20, 30 мың жазылушысы бар блогерлерге серіктестік жиі ұсынылады. Себебі олар шынайы аудитория жинап жатыр, стористен охват тұрақты өседі. Сонымен, бот пен жалған оқырман – бизнестің де, блогердің де дамуына кері әсер ететін фактор.


Ақбота Мұсабекқызы