Қазақ спортының ардагері Жақсылық Үшкемпіров Денис Теннің қазасына ортақтасып, көңіл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Құрметті қонақтар! Спорт ардагері ретінде қатты толқып тұрмын. Денис өз баламнан да жас, немереммен жасты еді. Қазақ елін дүниежүзіне танытқанына қысқы Олимпиадада өзім Сочиде куəгер болғанмын. Сонда алған медалін бірге сүйіп, қасында болдым. Қазақтың маңдайына симай кетті. Жүрегімізге пышақ салғандай күй кештік. Ол Қазақстанның кім екенін дүниеге танытты. Амал не?! Оның есемі өшпейді, артынан жастар еретін болады. «Мен де Денис сияқты боламын» дейтін болады. Мен осыған сенемін! Оның көрмеген ғұмырын артында қалған жастарға берсін. Елі аман болсын!», - деді Жақсылық Үшкемпіров бүгін Алматыда.
Бүгін Алматыда қазақстандық мəнерлеп сырғанаушы, Олимпиада ойындарының жүлдегері Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салу рəсімі өтті.
Сағат 11.20-да оның денесін Балуан Шолақ атындағы спорт сарайынан алып шықты. Спортшыны Дружба ауылында жерлейді.
Еске сала кетсек, Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан қаза болған еді. Оқиға Құрманғазы Байсейітова көшелерінің қиылысында 19 шілдеде түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын.
2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды.
Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды.