ШҚО-да жергілікті БАҚ басшылары мен мемлекеттік орган өкілдері қатысқан ақпараттық кеңес барысында аймақ басшысының орынбасары Жақсылық Омар басқарма басшыларына тілшілермен жедел әрі тығыз жұмыс істеуді тапсырды.
Кеңес отырысында мәлім болғандай, облыстық басқармалардың көбі БАҚ өкілдеріне қажетті ақпарат тапсырмай, ұсыныс хаттарына жауап бермей келген. Соның ішінде Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің ШҚО бойынша департаменті, Білім басқармасы газеттер мен тілшілердің тікелей сауалына, тіпті ресми хаттарына түрлі сылтау айтып, ақпараттар тапсырмаған.
– Тұрғындарға дәйекті, шанайы ақпараттарды тарату үшін облыстық басқармалар БАҚ өкілдерімен тығыз жұмыс жасауы қажет. Тікелей қойылған сауалдарға жауап беріп, сұраған ақпараттарын табыстап отырыңыздар, – деді Жақсылық Омар.
Кеңес соңында әкім орынбасары БАҚ өкілдеріне егер қандай да бір басқарма басшысы сауалға жауап беруден бас тартқан жағдайда, мақалаға дәл солай «сауалға жауап беруден бас тартты» деп жариялауды ұсынды.