Оңтүстік Қазақстан облысында азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында өзімізде өндірілетін және шеттен тасымалданатын азық-түлік тауарларына сараптама жүргізілуі тиіс. Ол үшін арнайы жоспар құрып, мониторинг жасалуы қажет. Екіншіден, өзімізде өндірілген тауарларды сақтау мәселесіне мән беруіміз қажет. Бүгін бұл туралы селекторлық жиында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" аймақ басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Күн тәртібінде алғашқы болып әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен жанар-жағар май бағасын тұрақтандыру шаралары, сондай-ақ тұрақтандыру қорының жұмысы талқыланды. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Батырхан Құрмансейіт баяндама жасады. Оның атап өтуінше, өңірде ахуал тұрақты және тауарларға деген жетіспеушік байқалмайды.
«Қазан айында әлеуметтік азық-түлік тауарлары тізбесіндегі 2 тауардың бағасының өсімі байқалады. Мәселен, картоп 17 пайызға, яғни 100 теңгеден 117 теңгеге өсті. Сүзбе 9,4 пайызға, яғни 1408 теңгеден 1541 теңгеге көтерілген. Десек те, қырыққабат 6,8 пайызға төмендеп отыр» - деді Батырхан Құрмансейіт.
Жыл басынан баға өзгерісіне әсер етуші факторлар ретінде АИ-92 маркалы бензиннің 22,1 пайызға, дизель отыны 19,8 пайызға, коммуналдық тарифтер бойынша жылу 12,2 пайызға, кәріздің 13,3 пайызға, судың 13,3 пайызға, электр энергиясының 1,3 пайызға қымбаттауы себеп болып отыр. Ал қазан айында бензин АИ-92 маркасының бағасы 11,4 пайызға, дизель отыны 6,9 пайызға өскен.
Өңірдегі ахуалға қаныққан облыс әкімі қазан айында облыстағы инфляция деңгейі 6,1 пайызды құрағанын, оның ішінде азық-түлік тауарларының қымбаттауы 4,3 пайызды, азық-түлік емес тауарлар 8,6 пайызды, ақылы қызметтер 5,8 пайызды құрағанын айтып өтті.
«Біріншіден негізгі 19 тауардың түріне бағаны дұрыстауымыз қажет. Барлық басқармалар, аудан, қала әкімдері дайындық жұмыстарын күшейту керек. Екінші мәселе - осы тауар түрлерін өндіргенде сақтау мәселесіне мән беруіміз тиіс. Бұл ретте, Сайрам ауданындағы сыйымдылығы 40 мың тонна қойманы тиімді пайдалануды тапсырамын», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Айта кетейік, бағаны тұрақтандыру мақсатында облыста арнайы штаб құрылып, тиісті іс-шара жоспары бекітілген. Жыл соңына дейін Шымкент қаласында 20 әлеуметтік дүкен ашылмақ. Сондай-ақ Қажымұқан атындағы орталық стадион маңынан үлкен әлеуметтік базар құру мәселесі де қарастырылуда.