Фото: ашық дереккөз
Ақмола облысында зейнеткерлерді алдап, олардың атына несие рәсімдеген әйел қылмыстық жауаптылыққа тартылды. Бұл туралы Ақмола облысы прокуратурасы хабарлады.
Сандықтау аудандық сотында ауылдық елді мекендердің бірінің тұрғынына қатысты қылмыстық іс қаралды. Тергеу барысында сотталушының көршілерімен және жергілікті зейнеткерлермен сенімді қарым-қатынас орнатып, оларды жаңылыстыру арқылы әлеуметтік төлемдер мен түрлі қызметтерді рәсімдеуге көмектесемін деп алдағаны анықталған.
Осылайша ол жәбірленушілердің құжаттарына, жеке деректеріне және ұялы телефондарына қол жеткізіп, олардың хабарынсыз банк несиелерін рәсімдеген. Алынған қаражатты өз пайдасына жұмсап, зейнеткерлерге жалпы сомасы 7 млн теңгеден астам материалдық шығын келтірген.
Сот үкімімен кінәлі тұлға Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабымен кінәлі деп танылып, 2 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Прокуратура мұндай құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында халықпен кездесулер өткізу және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл арқылы профилактикалық жұмыстарды күшейтіп жатқанын атап өтті.
