Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) қаржылық көрсеткіштер бойынша мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«2019 жылдың 1 ақпанына қарай зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 9,4 трлн теңгені құрап, соңғы 12 ай ішінде 1,6 трлн теңгеге көбейді. Еске сала кетелік, былтырғы жылдың 1 ақпанына қарай зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 7,8 трлн теңге болған еді. Осы кезең ішінде салымшылардың шотына үлестірілген зейнетақы активтерінің өсімі 21 пайызға жетті. Бұл ретте зейнетақы активтері зейнетақы жарналары мен инвестициялық табыстан құралатындығын еске саламыз», - делінген қордық баспасөз қызметі таратқан мәліметте.
2019 жылдың алғашқы айында салымшылар мен алушылардың шоттарына үлестірілген таза инвестициялық табыс 15,4 млрд теңге болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,6 млрд теңгеге (немесе 57%-ға) жоғары. 12 ай ішінде зейнетақы активтерінің табыстылығы 11,3 пайыз болса, осы кезеңде инфляция деңгейі 5,2 пайызды көрсетті. Яғни, бір жыл ішінде зейнетақы активтері бойынша нақты, таза табыстылық 6,1 пайызды құрады.
2019 жылдың 1 ақпанына қарай шарттардың барлық түрі бойынша жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) саны 10,4 млн болды.