12 мау, 2020 сағат 15:03

Зейнетақы қорындағы сома неге өзгеріп отырады?

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры инвестициялық табыс сомасының неге өзгеріп отыратынын түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, зейнетақы активтерінің инвестицияларын әртүрлі валюталардағы сенімді қаржы құралдарына әртараптандыру қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын валюталық және нарықтық қайта бағалау тәуекелдерінен қорғайтынын мәлім етті. 

Сонымен қатар, қор зейнетақы жинақтары зейнетақы жарналары мен салымшылардың жинақтарын сенімді қаржы құралдарына инвестициялаудан түскен инвестициялық кірістен тұратынын еске салды. Зейнетақы жарналарын жинақтау және осы жинақтардың өсуі үшін инвестициялаумен сенімгерлікпен басқарушы – Қазақстан Ұлттық банкі айналысады.

«Тәуекелдерді азайту мақсатында қаржы құралдары инвестициялаудың түрлері, бағыттары, оның ішінде валюталар бойынша әртараптандырылады. Қазіргі уақытта инвестициялардың 2/3 теңгемен және шамамен 1/3 шетел валютасымен, оның басым бөлігі – АҚШ долларымен номиналданады. Бұл тәсіл валюталық және нарықтық қайта бағалау тәуекелдерінен қорғанысты қамтамасыз етеді», – дейді БЖЗҚ мамандары.

Бұл ретте салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы активтерін инвестициялау нәтижелеріне сәйкес күн сайын қайта есептеліп, қайта бағаланып отыратынын атап өту маңызды. Бұл инвестициялық табыстың тұрақсыз шама екендігіне және оның қысқа мерзім ішінде оң немесе теріс болуына байланысты. 

«Сол себептен де инвестициялық табыс мөлшерін кемінде 1 жыл кезеңде талдаған жөн, өйткені зейнетақы жинақтары ұзақмерзімді инвестицияға жатады. Қысқа мерзімді деректер (күн сайынғы, ай сайынғы және т. б.) көрсеткіш бола алмайды, олар күнделікті нарықтық конъюнктураға тәуелді. Ағымдағы жылдың қаңтарынан бастап 10 маусымына дейін салымшылардың шоттарына 438,7 млрд теңге көлемінде таза инвестициялық табыс есептелді», – деп атап өтті қордағылар. 

2019 жылы БЖЗҚ салымшыларының шоттарына есептелген таза инвестициялық кіріс 641,8 млрд теңгені (табыстылық - 6,57%), 2018 жылы 917,1 млрд теңгені, 2017 жылы 550,6 млрд теңгені, 2016 жылы 472,4 млрд теңгені, 2015 жылы 761,5 млрд теңгені құрады. 

2013 жылдың қыркүйек айынан бастап 2020 жылдың мамыр айына дейін зейнетақы активтерін басқару кезеңінде Ұлттық банкпен қамтамасыз етілген инвестициялық табыс зейнетақы жинақтарының жалпы көлемінің 30% астамын немесе 3,8 трлн теңгені құрады. 

Еске салайық, инвестициялық табыс құрамына бағалы қағаздар (салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау, валюталық қайта бағалау түріндегі табыстар, сыртқы басқарудағы активтер бойынша алынған табыстар кіреді. Зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 12 трлн теңгеге жуықтады.