11 жел, 2018 сағат 07:46

Зайырлылық – дін де, идеология да емес

Мемлекет те, дін де адамсыз бос ұғым. Ақиқаттың өлшемі де, мақсаты да, мұраты да, ұстанымы да – адам. Зайырлылық ұстанымының да болмысқа қатысты қыры бар. Бірақ зайырлылық ұстанымы мемлекеттің сипатын анықтайды. Ал мемлекеттің әлеуметтік, саяси және құқықтық негізгі жүйесінің діни қағидаларға сүйенбеуі зайырлылық ұстанымының сипатын көрсетеді. Яғни, зайырлылықтың мемлекет болмысына қатысты қағида, ұғым екендігін көруге болады. Байқасаңыз, дінді мемлекеттен бөлетін, діни негізге сүйенбейтін, діндерге тарапсыз қарайтын адам емес, мемлекет. Ал адам – жеке тұлға, азамат, діндар ретінде дінге тарапсыз қарай алмайды.  

Қазір қоғамда, өкінішке қарай, зайырлылықты атеизм ретінде танытқысы келіп, мемлекетке, оның конституциялық құрылымына қарсы психологиялық наразылық көрсеткісі келетіндер кездеседі. Себебі, зайырлылықты дінге (исламға) жат, не оған қарсы құбылыс ретінде таниды. Бұл – танымдық тұрғыдан да қате пікір. Өйткені, зайырлылық құбылыс, яки идеология болса, онда дінмен салыстыруға болады. Зайырлылық – дін емес. Егер зайырлылық өз алдына дін болса, онда жастарымыздың оған қарсы психологиялық наразылық танытуы, өзінің діни сенімін қорғау мақсатында мемлекетке оппозициялық мінез танытуы объективті тұлғалық қасиет саналар еді. Бірақ зайырлылық – дін де, идеология да, идея да емес, ол – ұстаным. Сондықтан «Ол қандай ұстаным, негізгі қызметі қандай, қоғамға қай деңгейде, қай қабаттарда пайдалы болады?» деген сұрақтардың нақты жауабына қанығып алған дұрыс. Яғни, ең алдымен зайырлылық ұстанымының мәні мен табиғатын тану – шарт.

Зайырлылық дін болмағандықтан, исламға да, басқа дін атаулыға да тарапсыз қарайды. Егер зайырлылық дін немесе идеология болса, ол кез келген дінге тарапсыз қарай алар ма еді? Жоқ, әрине! Демек, бұл тұрғыдан қарағанда, жеке тұлға мемлекеттің азаматы ретінде әрі белгілі бір діннің өкілі, діндар әрі зайырлы болуы мүмкін екен. Олай болса, атеист те зайырлы әрі атеист болуы ықтимал. Себебі, зайырлылық – дін емес. Зайырлылық дін болса, бір адам бір мезетте әрі мұсылман, әрі христиан бола алмайды немесе бір мезетте діндар әрі атеист бола алмайды.

Енді жеке адам, яғни тұлға зайырлы бола алмайды, тек мемлекет қана зайырлы болады деген тұжырымды қайта қарау керек. Мемлекет өздігінен қалай зайырлы болады? Мемлекетті адамдар құрмай ма? Демек, мемлекеттің зайырлылық сипатын анықтайтын да адамдар. Мемлекеттің зайырлы болуына ортақ келісім, шешім беретін де адамдар болса, онда сол шешімді қолдайтындарды да зайырлы десек болмай ма? Жоқ, бұл жерде адамдар мемлекетті құрады, ал мемлекет саяси болмысқа айналады. Мемлекеттің саяси болмысы да антропоморфты келеді, яғни мемлекет те адам бейнелі анықталады. Бұдан былай адам өзі құрған мемлекеттік институтпен белгілі ережелер мен ұстанымдармен қарым-қатынас жасайтын болады. Енді сол мемлекеттің зайырлылық ұстанымы өз азаматтарының сенімдеріне араласпай, бөле-жармай, қандай да бір діни сенімнің басқа бір дінге қысым жасамауын, үстемдік етпеуін, қысым көрсетпеуін реттеп отырады. Яғни, зайырлылық ұстанымы мемлекет пен дін арасында төрелік етеді.

Қарап отырсаңыз, мемлекет те, дін де, мәдениет те, құқық та, әдет-ғұрып та адам үшін бар. Олардың барлығында норма қою сипаты бар. Мемлекет те норма қояды. Дінде де нормалар, ережелер, қағидалар жүйесі бар. Құқықта да, салт-дәстүрде де норма бар. Зайырлылқ – құқықтық ұстаным. Құқық – басқарушы мен басқарылушы арасындағы саяси келісім шарт. Ал демократиялық қағида бойынша дін осы саяси шартқа араластырылмайды. Араласса, демократиялық емес теократиялық сипат алады. Мұны азаматтық және діни құқық нормаларының өзара бір-бірінен ажырауы деп қараймыз.

Мемлекеттің діни қысымды болдырмауының өзі оның демократиялық және зайырлылық ұстанымының басты қызметі. Мұны заңымыздағы «ар ождан бостандығы», «діни сенім еркіндігі» ретінде түсінеміз. Қазірдің өзінде қоғамда «Сен мен сияқты сенуің керек, мынауың ширк, мынауың бидғат, нәтижеде сен кафирсің» деген сияқты психологиялық, діни, танымдық қысымдар көрініс беруде. Осындай құқықтық-психологиялық қысым көрсетушілікті зайырлылық ұстанымына негізделген мемлекет қана тоқтатады. Ал мемлекеттің демократиялық, либералистік, зайырлылық сипаты ешқандай сеніммен, діни қағидамен, дінмен қайшы келмейді.

Жоғарыда да айттық, зайырлылық – сенімге, дінге, идеологияларға қатысы жоқ ұстаным. Сондықтан Қазақстан – зайырлы ел, құрушысы – қазақ мәдениеті, ол мәдениетте ислам – басты анықтаушы дін.

Зайырлылық ұстанымы – қазақ елінің мемлекеттілігінің баяндылығының кепілі. Мемлекет қанша жерден діни, ұлттық, саяси жүйелерді құруға тыйым салғанымен, өзінің мәдениеті және өркениеттік негізінен ажырай алмайды. Сондықтан тарихи сана тұрғысынан мемлекет өзінің құрушы мәдениетінің барлық қабаттарын қорғауға, сақтауға, дамытуға мүдделі. Мұны Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан да көруге болады.

Қазір дін жаһандық саясаттың құралы болып кетті. Таяу Шығыста оның нақты көрінісі адамзаттың тарихында болмаған сахналармен исламофобияға қызмет етіп жатыр. Артында дінді қолданған саяси қабаттар бар. Сәлафизм сияқты радикалды ойдың жетегінде кетіп, тарихын да, ұлттық құндылықтарын да, елін де, жерін де тәрк етіп жатқан жастар бар. Сондықтан зайырлылық – осы мәселеге тұтастай қарауға мүмкіндік беретін тетік.

Дін – жүректің мәселесі. Яғни, тікелей адам мен Алла арасындағы сыр. Соңғы кезде жастарымызды жат діни ағымдар өз қатарына қысыммен, зорлықпен қаратуда. Бұл да исламға қайшы ұстаным. Ал исламның мәнінде зорлық жоқ. Құрандағы «Ла икраха фид дин» («Дінде зорлық жоқ») ұстанымы осының айғағы. Олай болмаған жағдайда дін саясат құралына айналып, адам еркі тапталады. Адамның жаратылған болмыс екендігі екінші кезекте қалып, жамағаттың, діни топтың ықпалында кете береді. Міне, осы құбылысты шектеп отыратын да зайырлылық ұстанымы. Құдайдың ақыреттегі үкіміне осы дүниеде араласып, бір-біріне күпірлікпен пәтуа беруді тоқтататын қадағалаушы күш осы зайырлылық ұстанымы екендігіне дау жоқ.

Зайырлы елде білім берудің кез келген түрі – діни, саяси, кәсіптік, техникалық және т.б. – мемлекеттің қарауындағы іс. Жастардың қандай діни мазмұнда білім алу мәселесі, қадағалау мен бақылауды тұтастай біріктіретін – зайырлылық ұстанымы.

Адамды қоршап тұрған танымдар тек діни танымнан тұрмайды. Қазақ болмысы, мемлекеттілігі және оның баяндылығы мен тұрақтылығы, жері мен елінің тұтастығы деген идеялық ұстанымдар бүгінгі ең басты саяси еркіндік мұраты ретінде сомдалып көріне бастады. Бұдан басқа танымдық қабаттардың барлығы осы мүдде үшін қызмет етуге жұмылдырылғаны абзал. Бүгін мәдениет, дін, мемлекет қатынасының қырлары мен құндылықтық, теориялық негіздеріне терең үңілуіміз де осы мақсат төңірегіндегі нақты анықтамалардың, талдаулар мен комментарийлердің өзектілігін көрсетіп отыр.

Соңғы кездері, өкінішке орай, бұқаралық ақпарат құралдарындағы материалдар мектеп жасындағы қыздарымыздың орамалын хиджап ретінде, ата-ана мен ұл-кыздардың діни сенімін бұқараға жарнамалап, исламофобиялық нәтижеге итермелеуде. Әрине, зайырлылық ұстанымы бойынша мектеп қабырғасындағы жасөспірімдерімізге алдымен білім алу шарт. Олар үшін жұма намазына барып, көпшілікпен намаз оқуы шариғатымыз тұрғысынан да шарт емес. Мектепте де діннің қоғамда алатын орны, тәрбиелік мәні, оның мәдени құндылықтық орны педагогикалық қағидаттарға бағдарлама ретінде енбей, қоғамда дилемма туғызып кете береді. Мемлекет те зайырлылықтың мәніне, әсіресе білім беру саласына орнықты комментарий жасап беру керек. Қазақстан үшін де зайырлылықтың өзіндік комментарийі болатыны даусыз. Бұл анықтама, негіздеме, комментарий қазақ мемлекеттілігінің тарихы, мәдениеті, діні, жалпы болмыстық тәжірибесі негізінде жасалады. Сондықтан зайырлылық ұстанымы Қазақстандық қоғамның және мемлекетіміздің рухани дамуының кепілі болады.

Досай Кенжетай