09 қар, 2016 сағат 17:37

Зайырлы қоғамдағы жастар келбеті

Мемлекеттің болашақта әрі қарай дамуы мен гүлденуі тікелей жастарға байланысты болатындықтан, қоғамның белсенді буыны, елдің ертеңі жастардың тәрбиесіне баса көңіл аударуды уақыт талап етуде.

Республикамызда әрбір екінші адам – 30 жасқа толмаған жастар, сондықтан 1999 жылдың 28 тамызында Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың өкімімен мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының бекітілуі, 2004 жылы Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңның қабылдануы жастардың өміріне ерекше мән берілетініне мысал болады. Мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттары: қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету, ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту, денсаулық сақтау, салауатты өмір салтын ұстану, жұмыспен қамту, жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту болып табылады.

Жастардың білім алу, мамандық таңдау, рухани ұстанымдарын қалыптастыру, қоғамдағы өз орнын табу секілді әлеуметтік кезеңдерден өтуі – өмір заңдылығы. Осы әлеуметтік кезеңдерде жеке адамның тұлға болып қалыптасуына көптеген жағдайлар әсер етеді.

«Отан отбасынан басталатындықтан» ата-ананың тәрбиесімен бойға даритын ізгілікті балабақшада дамытып, мектеп пен жоғарғы оқу орындарында рухани және дәстүрлі құндылықтарды жастардың санасына сіңіру – оның тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін маңызды іс.

Қазіргі қоғамда жастарға байланысты көп айтылатын келеңсіздіктің бірі – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетпеу. Атап айтқанда, қоғамдық орындарда үлкендерді сыйламау, ата-анасын тыңдамау секілді құбылыстар байқалады. Соның бір мысалы – қоғамдық көліктің ішіне үлкен кісі кіргенде жастардың көрмегендей сыңай танытып, орын бермеуі.

«Атаңа не қылсаң, алдына сол келеді» – дейді қазақ, сондықтан қай уақытта болмасын ересектерді сыйлап, керек кезде қол ұшын созып, үлкенге ілтипат, кішіге қамқорлық көрсету – дәстүрлі үрдіс. Үрдісті үзбей, дәстүрді бұзбай кейінгілерге жеткізу – жастарға аманат, жастар – рухани құндылықтарды жалғастырушы алтын көпір.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» жолдауында жастарға дәстүрді ардақтап, дәстүрге сай діни сана қалыптастыру қажеттігін айта келіп, қаракөз қазақ қыздарын өзге елдің киімін үлгі тұтпай, ұлттық болмысқа сай киінуге мен қазіргі заман ағымына сәйкес өмір салтын ұстануға шақырды.

Қазақстанның зайырлылық қағидасына сай дін таңдау – әр адамның өз еркінде. Осы еркіндікті дұрыс түсінбейтін жастардың теріс ағымдардың ықпалына түсіп жатқанын айтпай кетуге болмайды. Діни білімі таяз жастар діннің не екенін, оның мақсатының қандай екенін жете түсінбегендіктен де осындай қателіктерге ұрынуда. Әлі оң мен солын танымаған, жақсылық мен жамандықты ажырата алмайтын жастарды теріс ағым өкілдері арам пиғылдарына пайдалануда. Мемлекеттің келешегі жастарға байланысты,  сондықтан бұл құбылыс мемлекетке қауіп төндіреді.

Жастардың эстетикалық, діни көзқарастарын қалыптастыруда бүгінгі ғаламтор мен бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалы өлшеусіз. Мобильді әлемде өмір сүру, ғаламтор желісіндегі сансыз ақпараттар жастардың діни немесе өзге де мәліметтерді таңдауына дес бермейді. Сондықтан, ең басты бағдаршам – ұлттық құндылық, ең негізгі ұстаным рухани ізгілік болса ғана ұтылмаймыз.

Елбасымыз «Қазақстан-2050» стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» жолдауында: «Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Жастарымыздың бір бөлігі осы өмірге жат, жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені, біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз», – деп атап көрсеткен болатын.

Жастардың теріс ағымдардың шырмауына түсуінің басты себебі – жұмыссыздық пен діни сауатсыздық. Бұл қатардан жас буын өкілдерді ғана емес, ересек адамдарды да көруге болады. Теріс ағымдардың арбауына түсіп, діни көзқарасын өзгертіп жатқандар ертеден келе жатқан салт-дәстүрді теріске шығарып, ата-анасының берген тәрбиесін мойындамай, дәстүрлі болмысқа сай киінбей, қоғам ішінде іріткі тудырып жүр. Жастардың теріс ағымдар қатарына кіріп кетпеуі үшін ғаламтор желілерінде таралатын мәліметтерді бақылап отыру, жастардың қызығушылығын арттыратын сайттарды көбірек ашу, жастарды қоғамдық іс-шараларға белсенді араластыру, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, рухани құндылықтарды бойына сіңіру, діни білім беру сапасын арттыру жұмыстарын қарқынды жүргізуді уақыт талап етуде.

Қазақстанда  мемлекеттік білім беру жүйесі қатаң зайырлы сипатқа ие және ол діни білім беру жүйесінен бөлек. Сондықтан, зайырлы мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында жастардың санасында белгілі бір дінге деген көзқарас қалыптастыруға жол берілмейді әрі оқу орындарында діни атрибутикасы бар заттарды қолдану немесе киімдерді киюге тыйым салынады. Әрбір мекеменің ішкі тәртібі бар, білім алушы сол тәртіпке бағынуы керек.

Әлемдік діндерді оқыту арқылы жас буын өкілдерінің діни көзқарасын қалыптастыруға, заман ағымына сай өзінің және өзгелердің құндылықтарын сыйлауға және рухани құндылықтарымызды теріс ағымдардан ажыратуға үйрететін «Дінтану» пәні білім берудің зайырлы жүйесі арқылы қоғамдағы құндылықтардың сақталуын қамтамасыз етеді.

Жастардың салауатты өмір салтын ұстанып, спорттық шараларға белсенді қатысуы көңілге қуаныш ұялатады. Оған дәләл түрлі халықаралық, республикалық, облыстық жарыстарда жастардың топ жарып, жүлделі орындарға ие болуы. Сонымен қатар, күнделікті өмірде де спортпен айналысып жүрген жастар қатары көбеюде. Бұл – болашақта ұрпақтың сау әрі белсенді болатының айғағы.  

Мемлекет тарапынан жастарды қолдау үшін жасалып отырған «Жасыл ел», «Жастар кадрлық резервi», «Дипломмен ауылға», «Серпін-2050», «Қолжетімді баспана – 2020» және тағы да басқа бағдарламалар бар. Жастар табанды еңбек етіп, елімізде болып жатқан оңды үрдістерге белсене қатысуы арқылы ғана жетістікке қол жеткізіп, биіктерге көтерілуге болатынын түсінуі маңызды.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, қазіргі заманғы жастар қай қоғамда да құны кемімейтін мейірімділік, әділдік, шыдамдылық секілді адами құндылықтарды басты орынға қойса, нұр үстіне нұр болар еді. Ұлттың бүгіні мен келешегі – белсенді жастардың қолында дейтін болсақ, ұлттың рухани құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ ғана ел болашағын қалыптастыра алады. Жастар салауатты өмір салтын ұстанып, мемлекеттің индустриялық-инновациялық дамуына өз үлесін қосса, қоғамға пайдасын тигізіп, сапалы, терең білім алуды басты міндетіне айналдырса, онда келешегіміз кемел болары сөзсіз. Өз күш-жігерлері мен алған білімдерін еліміздің өркендеуіне жұмсайтын жастары бар зайырлы қоғам мақсатты межеге жетері анық.

А.Нұрбек,

Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының

Ғылыми-әдістемелік

және талдау жұмыстары

бөлімінің ғылыми қызметкері